Ғаламды шыр айналдырған індеттің алдын алудың бірден-бір жолы екпе алу екенін сала мамандары айтудай-ақ айтып келеді.
Аудан бойынша биылғы ақпан айынан бастап екпе алу жұмыстары қолға алынды. Алғашқылардың қатарында білім беру саласының мамандары өздері бастамашы болып екпе алса, кейін олардың қатарын дәрігерлер, тәртіп сақшылары мен мемлекеттік қызметкерлер толықтырды.
Өзінің ғана емес, ағайын-туманың бас амандығы үшін екпе алып жатқан тұрғындар да бар. Айталық кент тұрғыны Ерлан Жұмағалиев екіншісін де алып үлгерді.
- Шыны керек, екпе алу жөнінде көптеген сыпсың сөздер айтылып жатыр. Менің де ойыма сан түрлі қорқыныш келгенін қайтіп жасырайын. Жақында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Пандемиядан арылудың бірден-бір жолы екпе алу, медициналық міндеттерді қатаң сақтаған жағдайда ғана қалыпты өмірге ораламыз. Қоғамның басты байлығы – адам, оның саулығы, сондықтан да отандастарымды екпе алуға шақырамын» деген соң мен де ойлана бастадым. Әрі екпе алуға шешім қабылдап, сәуір айының аяғында алғашқы екпемді алсам, мамыр айының ортасына таман екінші екпемді алдым. Ешқандай жанама әсері болған жоқ. Шүкір, жағдайым жақсы. Менен кейін зайыбым да екпе алды. Ол да мен секілді ел қатарлы жүріп жатыр,-дейді Ерлан замандасымыз.
Аудандық орталықтандырылған аурухана дәрігерінің орынбасары Күләш Қаражанованың сөзінен ұққанымыздай, күні бүгінге аудан бойынша 1420 адам ресейлік «Спутник-v» вакцинасын алып үлгерген. Тұрғындар тарапынан денсаулықтарына шағым айтқандар кезікпеген.
Сұңқар КӨШЕКОВ