Жасанды интеллект дәуіріндегі айқын бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің бүгінгі замандағы ел дамуының тағдыршешті мәселелерін кеңінен қозғады.

Жасанды интеллектіні дамыту, шағын және орта бизнеске жағдай жасау, ғылымға бөлінген қаржыны тиімді жұмсау, инфра­­құ­­рылымды жақсарту сияқты аса өзекті мәсе­лелер  қазіргі қоғамның ахуалын ғана көрсетіп қоймайды, олар еліміздің ертеңі үшін темірқазық болатын бағдарламалық мәнге ие. Қазіргі зымыран уақытта жасанды интеллектінің жалына жармасып, цифрлық технологияны ауыздықтап бәсекеге түспесек, түбегейлі реформаларды жүзеге асырып, бағдарымызды нық айқындап алмасақ, әлемдік өркениет шаңына ілесе алмай қалуымыз әбден мүмкін. Президент өз Жолдауында, міне, осындай көкейкесті мәселелерді қоғам талқысына ұсынды.

Жолдауда көтерілген негізгі мә­селе­лердің бірі – ғылымды дамыту. Жол­дауда айтылғандай, еліміздің ғы­лымы бүгінгі таңда практикалық нәти­жеге көбірек көңіл бөлуге тиіс. Агро­ғылымдағы жаңалықтардың шаруа­шылыққа жеткілікті дәрежеде енбеуі, зерт­теу нәтижелерінің коммерциялану деңгейінің төмендігі – әлі де шешімін күткен мәселелер. Мұндай жағдайда жасанды интеллект ғылымды қоғамға жақындатып, ғылыми жаңалықтарды өндіріс пен нарыққа жылдам енгізудің тиімді тетігі бола алады. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, геологиялық барлауды жетілдіру, инфрақұрылымды тиімді жоспарлау немесе экономикалық үдерістерді болжау – барлығы да ғылым мен ЖИ-дің үйлесімді жұмысын талап етеді. Де­мек Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлуін бүгінгі әлемдік дамудың тамыр соғысын дәл басу деген сөз. Өйткені қазір­гі таңда жасанды интеллект тек технология ғана емес, жаңа дәуірдің ақыл-ой әлеуетінің биік көрсеткіші деуге болады. Университеттерге, ғылыми-зерттеу ұйымдарына осы салада дербестік беру  олардың әлемдік ғылыми бәсекеге білек сыбана араласып, тың серпінмен жұмыс істеуге жол ашады. ЖИ арқылы ғылыми ізденістердің нәтижелілігі бұрын болмаған биікке көтеріліп, білім берудің мүлде жаңа сапасы қалыптасатыны сөзсіз. Біздің пікірімізше, ғылыми зерттеу институттары да осы көштің алдында болып, жаңа технологияларды тиімді меңгеріп, тың жобаларды жүзеге асыруға тиіс.

Жолдауда Мемлекет басшысы өрке­ниетті ел болудың алғышарты – әділ заң, білікті билік, саналы әрі белсенді азамат екенін кеңінен толғады. Бұл қағидат ғылым саласына да тікелей қатысты. Ғылымды дамытуға бағытталған әрбір мемлекеттік шешім халықтың тұрмысын жақсартуға, ғылыми әлеуетті дамытуға, экономиканы нығайтуға, әлеуметтік әділдікті орнатуға қызмет етуі керек. Сол кезде дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз. Білімді жастарымыз еліміздің ғылымы мен біліміне еңбек етіп, табысты жұмыстарды жүзеге асыр­мақ.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шы­­­сының Жолдауында еліміздің болашақта жаңа заман талаптарына лайық тың жолмен дамуының негізгі алғышарттары айқын көрсетілген. Бұл бастамаларды жүзеге асыру арқылы еліміздің әлеуеті артып, экономикасы нығайып, ғылым мен білімі жаңа дең­гейге көтеріледі. Соның арқасында хал­қы­мыздың болашаққа деген сенімі нығая түседі. Осы жолда бірлі­гімізді танытып, ел мүддесін бірінші сатыға қоюымыз керек.

Буырқана дамыған әлемнің саяси-экономикалық мұхитында Қазақстан кемесінің бағыт-бағдары айқын, жетістігі мол болсын.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT