АУРУ ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ АРТЫП ТҰР

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні (World AIDS Day) Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1988 жылы қабылдаған шешіміне сәйкес жыл сайын атап өтіледі.

Биыл Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы індетпен күрес күніне арналған онкүндікті «АИТВ: әрбірін түсіну!» ұранымен ұйымдастыруда. Қарашаның 15 мен 25 аралығында өтетін іс-шара аясында Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы алдын алу бөлімінің маманы Мереке Баймұхановамен тілдесудің сәті түсті. «Онкүндіктің мақсаты - халық арасында, әсіресе жастар ортасында салауатты өмір салтын насихаттау және АИТВ-инфекциясының алдын алу үшін жергілікті атқару органдары - денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты басқармаларымен, полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасымен, болашақ медицина мамандары, медицина колледжі студенттері арасында көлемді шаралар ұйымдастыру»,-деп бастады әңгімесін М.Баймұханова.

Маманның мәліметінше, АИТВ (ВИЧ) - адамның иммун тапшылығы вирусы жұққан бойда ешқандай белгі байқалмайды. Бұл вирус иммундық жасушаларды біртіндеп зақымдайды. Кейін ағзаның қорғаныш қабілеті әлсіреп, түрлі инфекциядан қорғана алмайтын болады. АИТВ жұқтырғандар бірнеше жыл бойы өзін сау адамша сезініп жүреді. Бірақ, ең қауіптісі басқа адамдарға ауру жұқтырушы, яғни таратуы әбден мүмкін. «АИТВ инфекциясы 4 сатыдан тұрады. Оның соңғы сатысы ЖИТС (СПИД) – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромына айналған кезде науқастың иммунитеті төмендеу нәтижесінде түрлі қосымша аурулар мен асқынулар пайда болады. Бір қуанарлығы Атырау облысында ЖИТС-пен есепте тұратын науқас жоқ.

Біздің орталыққа келушілердің көбі «АИТВ қалай жүғады?» деп сұрайды. Осы ретте айта кетейін вирус қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде және АИТВ-жұқтырған анадан баласына жүктілік, босану, емшекпен емізу кезінде, осындай 3 жолмен жұғады. Қан арқылы жұғу инъекциямен есірткі егу кезінде, медициналық емшараларда, татуаж, пирсинг жасаған кезде зарарсыздандырылмаған құралдар пайдаланған кезде жұғады. Оның алдын алу – есірткі қолданбау, медициналық емшараларда, татуаж, пирсинг жасаған кезде бір реттік құралдарды талап ету. Қазір жеке медициналық кабинеттер көп, оларда бір реттік құралдардың сіздің көзіңізше ашылғанына көз жеткізіңіз. Немесе кейбір жағдайларда медициналық қызметкер болмаса көп адамдар ағайындарына үй жағдайында бұлшық етке егу (укол) жасай береді, ешкім медициналық қолғап кимейді. Басты шара бөгде адамның қаны сізге тимеу керек. Тұрмыстық жағдайда қанның қалдығы жұққан бөтен адамның қырыну заттарын, тіс щеткасын қолдану барысында жұғуы мүмкін. Өйткені, вирус құрғақ қанда 10 күнге дейін сақталады»,- дейді М.Баймұханова. Әңгіме арасында адам қауіпті вирусты жұқтырғанын бірден білмейтінін естідім. Ойыма бірден «Инфекция жұққанын қалай анықтауға болады?» деген сауал келді. «АИТВ-статусын білудің жалғыз жолы – АИТВ-ға қанды зертханалық тексеру.

Барлық қалалық және аудандық емханаларда, облыстық ЖИТС орталығында жұмыс уақытында зертханалық тексеруге қан алынады. Ауру жұқтыруым ықтимал деп күдіктенген кез келген адам дәрігердің кеңесін алып, тегін тексерілуіне болады. Адамдардың вирусқа тексерілуге келмеу себебі – «оң» нәтиже анықталса таныстары, қоғам шеттетеді деген қорқыныш (стигма). Және өзі де білмей вирусты таратуы мүмкін, емделмеген соң ауруы да асқына береді. Сондықтан ерте анықтау жақсы ем нәтижесіне қол жеткізеді, айналасына жұқтырмауға мүмкіндік береді. Себебі, арнайы дәрі-дәрмек қабылдаған науқастың қанында вирус мөлшері өте төмен деңгейде болады да ол ауруды ешкімге жұқтырмайды. АИТВ инфекциясы ауамен таралатын індет емес. Жұғу жолдарын білу арқылы ол дерттен сақтануға болады. Диспансерлік есептегі науқастармен психолог, инфекционист, гинеколог, фтизиатр, дерматолог мамандар жұмыс жасайды. Оларға қолдау беріп, тиісті медициналық көмекті толық көрсете отырып, сапалы ұзақ өмір сүрулеріне жағдай жасайды. Үздіксіз дәрігердің бақылауында болып, медициналық тексерістерден өтіп, емін үнемі қабылдап жүрген адам айналасындағыларға қауіпсіз. Сондықтан оларға дискриминация жасап, шеттетіп, оқшауламай, керісінше қолдау көрсетсек бұл аурудың таралуын азайтуға мүмкіндік туады, деді маман. Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында әлеуметтік осал топтарды қамту үшін достастық кабинеті мен сенім бекеттері жұмыс жасайды екен.

Бұл кабинеттердің медицина қызметкерлері рейдтерге шығып, қорғаныш құралдарын таратып, ағарту жұмысын атқарады. Халыққа, бизнес құрылымдарға АИТВ/ЖИТС-тің таралу және алдын алу жолдары туралы ақпарат беріп отырады. Түрлі сала мамандарына, жалпы орта білім беретін мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында мұғалімдер, оқушылар және студенттерге санитарлық-ағарту шаралары жүргізіліп, ақпараттық материалдар тарату жолға қойылған. «Облыстық ЖИТС орталығына келіп АИТВ-ға тегін, гепатиттің «В» және «С» түріне, жыныстық жолмен берілетін ауруларға тексерілуге, кеңес алуға болады. Әлемде әр 10 секунд сайын 1 адам АИТВ инфекциясын жұқтырады екен. Ертеңгі күні ол ортаға сіздің досыңыз, бауырыңыз, сүйікті адамыңыз да түсуі мүмкін ғой. Сондықтан әркім өзін және өзгелерді АИТВ инфекциясынан сақтандыра білуі керек. АИТВ мына жағдайларда жұқпайды: қол алысқанда, құшақтасқанда, бассейнге, душқа түскенде, өндірістік, тұрмыстық заттарды ортақ пайдаланғанда, қоғамдық көлікте, маса және т.б. жәндіктер шаққанда,- деп аяқтады сұхбатын Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының маманы М.Баймұханова.

 

Мереке БАЙМҰХАНОВА,

Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы алдын алу бөлімінің маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521