Дәрігер мамандығы, үлкендердің айтуынша, өлмейтін мамандық. Өйткені бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрігерге жүгінетініміз рас. Расымен, адам өмірінен артық құндылық жоқ, ал сол өмірді сақтап қалуға, денсаулықты нығайтуға үлес қосатын ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Әр уақытта үлкен сұранысқа ие дәрігер мамандығы бүгінгі күні де мәртебелі мамандық болып саналады.
Аталған мамандықта абыройлы іс қылып жүргендердің қатарына аудандық орталық ауруханада еңбек етіп, денсаулық сақтау саласында аянбай тер төккен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұзақ жылдар бойы өз мамандығы бойынша жүйелі жұмыс істеп, халыққа қалтқысыз қызметімен, биік адамгершілігі, асқақ парасатымен танылған, ел сенімін ақтай білген білікті де тәжірибелі ардагер дәрігер Жұмабек Қабделовті қосар едім. Сол себепті де маусым айының үшінші жексенбісіндегі кәсіби мерекелері қарсаңында осы бір ақ халатты абзал жан туралы әңгіме өрбіткім келді.
Жұмабек Ғарифоллаұлы 1953 жылғы 12 қарашада Гурьев облысының Доссор ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Чапаев селосындағы (қазіргі Тұщықұдық ауылы) М.Горький атындағы орта мектепті ойдағыдай бітірген соң ол 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Фармация» факультетіне оқуға түседі. Оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас жігіт туған жерге аудандағы алғашқы провизор маман болып оралады. Еңбекке араласқан алғашқы уақыттарда Махамбет аудандық дәріханасында меңгерушілік қызмет атқарып жүріп, 1977 жылы Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының қайта құрылуына байланысты жаңа ауданның денсаулық сақтау саласындағы жұмысын ұйымдастырып, жүргізу үшін жіберілген Хамидолла Хайыров, Қалихан Салихов, Ахметқали Қабдрахмановтармен бірге жас маман Жұмабек Қабделов те Аққыстау поселкесіне табан тірейді. Сөйтіп, түпкілікті аққыстаулық болып қалған кейіпкеріміз қазіргі батыр атындағы ауданда бірінші болып дәріхана жұмысын ұйымдастырды, сол салада оңтайландыру кезеңіне дейін түрлі мамандықтар бойынша еселі еңбек етті. 1983 жылы облыс дәріханаларында инспектор-нұсқаушы болып та қызмет еткен Жұмабек Қабделов бұдан кейінгі еңбек жылдарында да денсаулық саласында тер төгіп, зейнеткерлікке шыққан Х.Хайыров, Б.Ауданов, С.Иманғалиев, К.Қапашев, Ж.Досымбаева, М.Ғабитов, М.Жамалова, А.Қабдрахманов, М.Шалабаева, Е.Қойтанов, М.Ербусинов, А.Қуандықов сынды сала ардагерлерімен жұмыстас болғанын мақтаныш ететінін айтады.
-Біздің аудан үш рет тарап, төрт мәрте қайтадан құрылды. Ауданымыздың төртінші мәрте құрылуы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Осы кездерде аудан медицинасын дамытуда, саланы мамандармен қамтамасыз етуде материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігінен, жалақының аздығынан көптеген қиындықтар кездесті. Солай бола тұрса да, Гиппократ антына адалдық танытқан ақ халатты абзал жандар еліміздің болашағы үшін күн-түн демей дәрігерлік қызмет көрсетіп, жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтауда ерекше еңбек сіңірді деп айтуыма болады.
Сондай-ақ аудан медицинасына мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуі де денсаулық сақтау саласының жақсаруына үлкен септігін тигізгені анық. Жалпы елу жылға жуық дәрігерлік тәжірибемде көп нәрсені көңілге түйдім. Мәселен, дәрігер - адамның тәнін ғана емес, жанын да түсініп, мейірім танытатын жан. Адамға көмектесу - дәрігердің басты парызы. Оның жанын да, тәнін де емдей алуың керек. Науқас адам, ең алдымен, дәрігерден жылы сөз бен жан мейірімін күтеді. Өйткені ол ақ халатты абзал жанның емінен бұрын қамқорлығына мұқтаж.
Дәрігердің үш қаруы бар. Ол - сөз, өсімдік және пышақ. Оның ішінде сөз - дәрігердің бірінші қаруы. Адамға сөзбен сенім сыйлау - бұл өмірдегі ең құдіретті құбылыс. Дәрігердің жылы сөзі мен мейірімді мінезі кез келген дерттің емі деп ойлаймын,-дейді ол бізбен болған қысқа әңгімесінде.
Жауапкершілігі мол қызметте еңбегі де елеусіз қалмаған Жұмабек Ғарифоллаұлы еңбек еткен жылдарында облыстық денсаулық сақтау, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру басқармалары басшылығының, облыс, аудан әкімдерінің, аудандық орталық аурухана басшылығының алғыс хаттарымен, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Мейірімді жүрек» медалімен, «Сезім» денсаулық жүйесі республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздік» төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінде Алматы қаласынан қайта даярлау курсынан өтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудандық филиалы дәрігері болып қызмет етіп жүрген Жұмабек аға жұбайы Бағила Дүйсеғалиевамен өнегелі отбасылық өмірінде төрт ұл тәрбиелеп өсірген әулет иесі. Бағила апай да көп жыл дәрігер-стоматолог болып көпке қызмет етті, қазір зейнеткерлік демалысында. Ұлдарының барлығы да жоғары білім алған. Тұңғышы Салауат шетелдік фирмалардың бірінде еңбек етсе, Жомарт - мұнайшы инженер. Ал тағы бір ұлы Асхат – «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты болса, кенжесі Марат - инженер-экономист, мемлекеттік қызметте.
Қай уақытта да білікті маман, жақсы адам айналасына әрдайым сыйлы, құрметті болған ғой. Осындай сыйластыққа, құрметке бөленіп жүрген ардагер дәрігер де бақытты. Өйткені ол адамның жүрегіне жол таба білген жан. Жұмекең аға жас мамандарға ақыл-кеңесін беруден де аянған емес. Өзі тәрбиелеген мамандар ауылдық округтердегі амбулаторияларда аянбай еңбек етуде екенін де орынды мақтаныш етеді ардагер.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кәсіби мереке тұсында білікті, тәжірибелі маман Жұмабек Ғарифоллаұлын әңгімемізге арқау еткендегі бір мақсатымыз адам жанының арашашысы болған жанның мерейін үстем ету десек, өскелең ұрпақтың қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін дәрігерлік мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, осы саладағы алдыңғы буынның еңбек жолынан үлгі-өнеге ала жүргені абзал екенін де ойда ұстадық.
Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі