Ұлағатты ұстаз

Нығмет Құлбаев

Қай қоғамда да халық қамын өз мүддесінен жоғары қойып, бақай есеппен емес, жанашырлықпен еңбек ететін жандар болғаны даусыз. Осындай жандардың бірі – ұзақ жылдар ұстаздық еңбек жолын абыроймен атқара жүріп, үлгілі отбасының тірегі, ауылдағы қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы, талапшыл ұстаз, білікті басшы бола білген, бұл күнде өмірден өтсе де есімі ел аузында аңыздай айтылып жүрген Нығмет Құлбаев.

Біздің үйімізбен көршілес көшеден «Нығмет Құлбаев көшесі» деген жазуы бар тақтайшаны көруім осы тұлғаға деген қызығушылығымды оятса, жуырда ауылымыздың мәдениет үйінде аталған ардагер ұстазға арнап шара өтті. Сол шарада ардагер ұстаздың үлгілі өмір мен еңбек жолы менің қызығушылығымды арттырып, тарих пәнінің мұғалімі Гүлнафис Маратқызының жетекшілігімен осы тақырыпты зерттей бастадым.

Нығмет Құлбаев 1932 жылы Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Жанбай селосында дүниеге келген. Әкесі Құлбай Жақыпов қарапайым колхозшы, анасы Рахима Жақыпова үй шаруасында болған. Анасы баласы Нығметті 51 жасында дүниеге әкелген екен.

Бала кезінен өте зерек, кітап оқуға құмар болған кейіпкерім еңбек жолын Бекайдар ауылдық кеңесінде Күкіртті орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Тіпті, осы мектептің директорлығына дейін көтеріліп, 1963 жылға дейін еңбек етеді. Сол жылы Гребенщик ауылындағы (қазіргі Ынтымақ селосы) сегізжылдық мектебіне директор болып тағайындалып, 1969 жылға дейін еңбек етеді. 1969 жылдан 1983 жылға дейін Горы сегізжылдық мектебінде директор болады. Кейін 1993 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін аталған мектепте ұстаздық қызмет етті.

Оқу-тәрбие саласын ілгері дамытуда, өзіне ізбасар болатын тұлғаларды дайындау жолында тынымсыз еңбек еткен ұлағатты ұстаз ауыл өмірінің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласқан.

Оның Аққала ауылының мәдениеті саласына да қосқан үлесі зор. Оған дәлел – ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған театр үйірмесі «Баламайсан» халық театры атағын алуы. Театр жұмысына жастарды тартып, әр ауылға спектакльдер қояды.

Еңбегі елеусіз қалмай, Қазақ ССР «Оқу ағарту ісінің үздігі» атанса, аудандық білім бөлімі, кәсіподақ ұйымдарының түрлі деңгейдегі дипломдарымен марапатталады. Елге, қоғамға жасаған қызметі басылым беттерінде жарық көрді.

2019 жылы Н.Құлбаевқа көше атын беру рәсімі Аққала ауылдық мәдениет үйінің директоры, танымал ақын Камалиден Ізімов, сол кездегі округ әкімі Ербол Дүйшімнің алғысөзімен ашылған, ауыл тұрғындары мен ұстаз ұрпақтары жиналған мәнді де мазмұнды шара ретінде өткен еді. Бұл тек көше атын беріп қою ғана емес, осылайша өскелең ұрпаққа ұстаз есімі ұлықталып, насихатталған сәт болатын. Ресми бөлімнен соң Аққала ауылдық мәдениет үйінде өткен «Ұстаз – ұлы тұлға» атты еске алу шарасы өтіп, ұстаз жөнінде бірге жұмыстас болған әріптестері Ислямғалиев Нәжмеден, Қосжанов Мақсот, Ибрашева Күнжамила, Әлиева Жеміс, Қидашева Күлима, Сағынова Сәбила апайлар сағыныш пен өнегеге толы тамаша ескірмес естеліктерімен бөліссе, шәкірттері Махашев Бағдат, Науанов Бағдат, Бөжекенова Кәмшат, Науанова Мәншүктер де тебірене сөйлеп, Нығмет ағайдың болмысын сөз етсе, өткен күндер белгісіндей болған естелік фотосуреттерден жасалған мазмұнды бейнеролик пен слайд шара мазмұнын толықтырған болатын.

Ұлағатты ұстаздың өмірлік серігі Бағила Қапизова апай да мұғалім болған. Нығмет ағай екеуі Перизат, Ғабиден, Саттар, Ләззат, Жанат есімді ұрпақ өсірсе, бүгінде олар – өмірден өз орындарын тапқан жандар. Ұстаз ұрпақтары арасынан ата-әжесінің ұстаздық жолын таңдаған немерелері Элеонора, Жанкүміс, Жеңісгүлдер жемісті еңбек етуде.

Тұлғалық келбетінде біліктілік, берген тәрбиесінде ұлағаттық, өнегелілік сайрап жатқан Нығмет ағайдың ұрпақтары бүгінде әкелерін, аталарын мақтан етеді. Елім деп соққан жүрегінің қалауын орындаған, адал тірлігінің арқасында артына өзінің өшпес ізін қалдырған, елінің құрметіне бөленген қоғамдық өмірдегі толымды тұлғалық бейнесін қалыптастырған Нығмет Құлбаев ағайдың өмір жолы тек артында қалған ұрпағына ғана емес, кейінгі жастарға үлгі-өнеге.

Сондықтан, ұстаздық ұлағаты мәңгілік, шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ бола білген ұстаздың есімі өскелең ұрпақ жадында жаңғыра берері сөзсіз.

 

Таңшолпан ОРАЗОВА,

Аққала орта мектебінің оқушысы, Аққала ауылы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521