Астанада ауылдық тірек мектептері мұғалімдеріне арналған «Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» атты алғашқы республикалық интенсив басталды. Іс-шараны Назарбаев Зияткерлік мектептері ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауыл мектептерін дамытудағы тірек мектептердің маңызы туралы Білім беруді тұрақты дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Күләш Шәмшидинова да ерекше атап өтті:
«Бұл жобаның екі негізгі мақсаты бар. Біріншісі – заманауи стандарттарға сай сапалы білім беру, ал екіншісі – оқушыларда болашақта қажет болатын дағдыларды қалыптастыру. Тірек мектептер тек жақсартылған инфрақұрылымның арқасында ғана емес, адами капиталды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде де даму орталығына айналып отыр. Олар өз айналасындағы басқа ауыл мектептерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді», деді ол.
NIS командасы ауылдық тірек мектептердің 500-ге жуық директоры мен пән мұғалімдеріне арналған мазмұнды бағдарлама әзірледі. Алдағы екі күн ішінде қатысушылар шеберлік сабақтары арқылы өздерінің идеялары мен тәжірибелерін ортаға салады. Жиын барысында мұғалімдер бірнеше маңызды бағыттарды талқылайды. Атап айтқанда, функционалдық және оқу сауаттылығын дамытуға арналған тиімді стратегиялар, мәтінді терең талдауға негізделген шағын жобалардың маңызы, STEM-технологияларын пәндік оқытуға енгізу тәсілдері, сондай-ақ өмірлік жағдаяттарға бейімделген тапсырмаларды құрастыру жолдары сөз болады.
Айта кетейік, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» негізгі рөлі – педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету. Бұл бағыт аясында мұғалімдердің кәсіби қажеттіліктерін анықтау, сабақтарға қатысып, бақылау жүргізу және кері байланыс беру, оқыту курстарын ұйымдастырып, өткізу, оқыту аяқталғаннан кейін де әдістемелік қолдау білдіру, оқушылардың әл-ауқатына байланысты мәселелерді бірлесе шешу, сондай-ақ мұғалімдердің Зияткерлік мектептер базасында тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасау секілді маңызды міндеттер көзделген.
Жобаның ауыл мектептерін дамытудағы оң әсерін көрсететін жарқын мысалдардың бірі – Ұлытау облысы, Ұлытау ауданындағы №1 тірек мектебі. Оқу ордасының мұғалімдері түрлі білім беру байқауларына белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ өз тәжірибелерін республикалық деңгейде бөлісіп отыр.
Информатика пәні мұғалімі Маржан Аханова қазіргі таңда мұғалім үшін кәсіби дамудың мүмкіндіктері шексіз екенін айтады. Оның пікірінше, қазіргі заманғы мектептер тек білім беріп қана қоймай, оқушы мен ұстазға шабыт береді.
«Шәкірттеріміз республикалық және халықаралық байқауларда жеңіске жетіп, білім гранттарын иеленіп жүр. Соңғы үш жыл қатарынан мектебіміз облыста «Үздік олимпиадалық команда» атағын алып жүр. Ал менің «Қазақстан ұстазы» ұлттық сыйлығының 50 финалисі қатарына енуім – осы жобаның арқасында туған мүмкіндіктердің нәтижесі», деп атап өтті Маржан Аханова.
Еске сала кетейік, республикалық интенсив «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында өтіп жатыр. Бұл қайырымдылық бастама Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының серіктестігімен жүзеге асып отыр.