Аудандық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өтті

Тұлпар мініп, ту алған Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Qazaq Еpos» ағарту жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өткізілді.

Қ.Есқалиев атындағы орта мектепте өткен шараға ауданға қарасты мектептерден барлығы 11 оқушы қатысып, бақ сынады. Жыр сайысына қатысушыларға Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің директоры Руслан Қанатов сәттілік тіледі. Сайысқа қатысушыларға аудандық білім бөлімінің әдіскері Тұрсынай Аренова, «Көктем» қазақ орта мектебінің тарих пәнінің педагог-зерттеуші мұғалімі Марсель Тұңғатов, Қабижан Абаханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-зерттеуші мұғалімі Асима Жардемова қазылық етті.

Байқау талабы бойынша оқушылар бірінші бөлімде «Ер Едіге» жырын жатқа оқыса, келесі тест кезеңінде Ұлық Ұлыс Алтын Орданың тарихына және қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндірді.

Қорытынды бойынша І орынға Қ.Абаханов атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Қарақат Қайыржан, ІІ орынға Жамбыл атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Мансур Бейбіт, Аққала орта мектебінің 6 сынып оқушысы Іңкар Боранбай, ІІІ орынға Есбол орта мектебінің 10 сынып оқушысы Арсен Сериков, Ә.Кекілбаев атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрхат Садыхов, Б.Нысанбаев атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Кәусар Қайыржан ие болды. Ал, «Көктем» қазақ орта мектебінің 6 сынып оқушысы Асем Мұхамедқызы, М.Әуезов атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ерасыл Жұбан, Қ.Есқалиев атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ақжан Қуанышкерейқызы, Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Айгерім Жамбылова белсенділік танытқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Аудандағы алғаш рет өткізіліп отырған байқау бойынша аудандық білім бөлімінің әдіскері Тұрсынай Аренова:

– Байқауды өткізудегі мақсатымыз өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар, балалардың халық поэзиясына, рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады. Сайысқа оқушылар жоғары дәрежеде дайындалып келген. Едіге батыр образын жеткізе білді. Ал, бүгінгі байқаудан І-ІІ орын алған оқушыларымыз облысқа жолдама алып отыр. Аудан намысын арқалаған оқушыларымызға сәттілік тілеймін, - деді.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521