Атыраулық студенттерге жұмыс іздеуде нейрожелілерді қалай қолдану керектігі түсіндірілді

Атырауда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Bolashak Group компаниясы, ТШО және Қалалық карьера орталығының ұйымдастыруымен мастер-класс өтті. Іс-шараның тақырыбы — «Резюме құрастыру және сұхбатқа дайындалу кезінде нейрожелілерді пайдалану» болды.

Компанияның рекрутер мамандары мастер-классқа қатысушылармен фасилитация форматында тәжірибелік білімдерімен бөлісті. Олар заманауи цифрлық құралдардың, соның ішінде нейрожелілердің, Қазақстанда және шетелде табысты жұмыс табу мүмкіндігін қалай арттыратынын түсіндірді. Сондай-ақ, шетелдегі сұхбатқа дайындықтың ерекшеліктері: мәдениетті зерттеу, жергілікті менталитетті түсіну, түйіндемені нақты талаптарға бейімдеу, киім үлгісін таңдау және вербалды емес мінез-құлықты талдау жайлы айтылды.

— Біз қатысушыларға өздерінің мықты жақтарын анықтауды, сұхбатта өзін қалай дұрыс ұсынуды және ең бастысы — нейрожелілерді тиімді мансаптық құрал ретінде қалай қолдану керектігін көрсеттік, — деді Bolashak Group компаниясының қоғаммен байланыс менеджері Айшабиби Закириева.

Мастер-класс барысында араб елдерінің біріндегі вакансияға үміткердің сұхбатқа дайындық кейсі ұсынылды. Дұрыс стратегияның және нейрожелілердің көмегімен кандидат кәсіби резюме жасап, сұхбаттан сәтті өтті.

Мастер-классқа Атырау құрылыс және энергетика колледжінің студенттері қатысты. Олар үшін бұл кездесу тек жаңа білім көзі ғана емес, сонымен қатар даму жолындағы мотивация болды.

Bolashak Group компаниясы Карьера орталығымен ұзақ уақыттан бері серіктестік орнатып, жас мамандарды қолдауға бағытталған жобаларға белсенді қатысып келеді. Компания студенттерге тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп, мансап жолын бастау кезінде бейімделуге көмектеседі. Сондай-ақ, кәсіби және жеке қабілеттерді (hard және soft skills) дамыту бойынша тренингтер өткізеді.

— Біз тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырамыз: бос орындар жәрмеңкелеріне қатысамыз, жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту кездесулерін өткіземіз. Бұл мастер-класс — биылғы жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі, — деп атап өтті Айшабиби Закириева.

Мастер-класс цифрлық технологиялар мен адами көзқарастың жастардың кәсіби әлеуетін дамытуда қатар жұмыс істей алатынының жақсы мысалы болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT