Жақында Атырау қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен А.Байтұрсынұлы атындағы облыстық «Үздік оқытушы» байқауы өткен болатын.
Оған 23-45 жас аралығындағы мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылар қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті. Алдымен олар бірінші кезеңде бейне таныстырылымдарын таныстырса, екіншіде педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларға жауап берді, ал үшіншісінде сабақ үлгісін көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Міне, өз бойларындағы білім мен білікті сарапқа салған ұстаздар арасынан аудан намысын қорғаған Қалам Есқалиев атындағы орта мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Райхан Кенжеғалиева Алғыс хат пен 15000 теңгенің сертификатына ие болды. Ал байқаудың бірінші орны исатайлық А.Қойтановаға бұйырды. Бұл жөнінде Райхан Хиниетқызы:
-Байқау жақсы және әділ өтті. Қарсыластарым жас болса да жан-жақты дайындықпен келгендері көрініп тұр. Ал өзімнің жүлделі орын алмауыма қазіргі бұл байқаудың жұмыс уақытында емес, демалыс кезінде өткізілгендігі әсер еткен сияқты. Негізінен өзімнің дайындығым жақсы болды, сондай-ақ мүлдем танымайтын студент жастармен бірге сабақ өткіздім. Әрине байқауға қатысудың өзі – мен үшін үлкен жеңіс,-дейді.
Айта кетейік, жалпы байқаудың басты мақсаты - мемлекеттік тілді оқытатын шығармашыл оқытушыларды анықтау, оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету оқытушылардың латын графикасына негізделген қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдіс–тәсілдерімен тәжірибе алмасу болып табылады.
«Дендер»-Ақпарат.