Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Биылғы Жолдаудың басты ұраны — «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу».
 Бұл  Жолдау – елдің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат қана емес, сонымен бірге жаңа дәуірге қадам басудың нақты жол картасы болды. Президенттің басты назарды жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияға аударуы – Қазақстанның әлемдік үрдістерден қалыспай, озық технологияларды игеруге ұмтылысын айқын көрсетеді.  Сонымен қатар, атомдық энергетиканы дамыту, ауыл шаруашылығын жетілдіру, инвестициялық саясатты нығайту – экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл елдің ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін батыл әрі жүйелі қадамдар.
Жолдауда  білім беру жүйесінің дамуы да  назардан тыс қалмады. Әсіресе,  ЖИ негіздерін мектеп қабырғасынан  бастап меңгеру,  олардың  цифрлық дағдыларын дамыту, сол арқылы ұстаздардың да ІТ құзыреттілігін  арттыру  қажеттілігі  елдің дамуына  жасалған  цифрлық өзгерістердің алғышарттары. Осы орайда,  ұстаздардың  біліктілігін  арттырып, мектепке арнайы бағдарламалар  мен оқу құралдары  әзірленбек.  Сонымен қатар,  ауылдық  жердегі шағын жинақты мектептерді жаңа  цифрлық ғылыми  кабинеттермен жабдықтап,  мұғалімдерге семинарлар мен курстар ұйымдастыру арқылы  ауыл мектептерінің әлеуетін арттырып, білім сапасын жоғарылатуға бағыттауы батыл шешім болды. 
Бұл Жолдаудың  тағы бір  көңілге қонымды тұсы - мектептегі  патриотизмді басты  міндет етіп көрсетуі.  Мектеп- білім ғана емес, патриоттық рух қалыптастыратын орта екенін айта келіп, мектеп  оқушыларын  патриотизмге тәрбиелеу арқылы  жасампаздық  пен  жаңашылдыққа  ұмтылдыруды мақсат етеді. 
  Жолдаудағы әрбір бастама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға негізделген. Сондықтан да бұл Жолдау – қоғамды жаңғырту мен елді дамытудағы маңызды белес деп айтуға болады.
                                    
            
    
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
