Соңғы жылдары ауданымызда жол жөндеу саласында бырқыдуар істер атқарылып, жұртшылықтың оң бағасын ала бастады. Көркейгеннің үстіне көркейе түсіп, ажарланған кенттің жолдарын жөндеу жұмыстары биылғы жылы да өз жалғасын табады.
Қазіргі таңда аудан бойынша барлығы 364,9 км автомобиль жолы болатын болса, оның 82 км республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолына, 63 км Атырау-Индер облыстық маңызы автомобиль жолы санатына жатады. Қалған 219,9 км жол аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын құрайды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 282,9 км құраса, оның ішінде 159,9 км асфальтты жолдар, 122,9 км асфальтсыз жолдар.
Автомобиль жолдарының аудан бойынша үлесі 56,5 пайызды құрайды. Осынау жолдарды сапалы жөндеуден өткізіп, тиімді пайдалануда күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда 2019-2020 жылдарға жоспарланған Индербор кенті бойынша 53 көшені бойлай өтетін 22 км автомобиль және жаяу жүргіншілері жолы жасалуда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобилдер жолдары бөлімінің басшысы Ақесен Ибрагимовтың айтуынша, мұндай жөндеу жұмыстары ауылдық округтерде де жүргізілмек.
-Атап айтқанда Есбол ауылдық округінде ұзындығы 20 км кірме жол, ауылішілік жол және жаяу жүргінші жолдары, Өрлік ауылына 10,8 км, Көктоғай ауылына 12,9 км, Елтай ауылына 12,5 км ауылдарының кірме жолы, ауылішілік жолы және жаяу жүргінші жолдары, сонымен қатар Жарсуат ауылына қарасты Ақтан және Қызылжар 3 км ауылдарының кірме жолын жасау үшін тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, жеңімпаз анықталуда. Сәтін салса, бұл жұмыстар алдағы мамыр айында басталады деп жоспарланып отыр,-дейді бөлім басшысы.
Жыл өткен сайын кенттің аумағы да кеңейіп, жаңадан мөлтек аудандар бой көтергені белгілі. Осы мөлтек аудандардағы жол мәселесін тұрғындар атқарушы билік алдында ұдайы көтеріп келеді. Яғни біз сөз етіп отырған «Болашақ» және «Шығыс» мөлтек аудандарының барлығы 40 көшесінің, кенттегі Х.Нұрманов көшесінен жаңадан пайда болғалы жатырған №11 участігіне баратын жолдың жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамаға жіберілмек. Бәрі ойлағандай шешіліп жатса, жыл аяғына дейін аталған мөлтек аудандарға асфальт жолдар жеткізіледі деп есептеліп отыр.
Бұл мәселеге аудан басшылығы ұдайы назар аударып, қайткен күнде де оңтайлы шешуге жұмыстану үстінде.
С.КӨШЕКОВ