ЖҰБАН ЕЛІНЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтың туғанына 105 жыл толуына арналған «Қазақ барда – Жұбан рухы мәңгілік» атты аймақтық байқауда «Алты Алаштың ардақтысы – жыр Жұбан» бағамы бойынша аудандық орталықтандырылған кітапханасының оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Сансызбаева Ақсана Азаматқызы жүлделі І орынды жеңіп алды.

Аталған байқаудың мақсаты – ақын есімін жас ұрпақ жадында жаңғыртып, шығармашылығын кең көлемде насихаттау, өршіл рух пен ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін, қайраткерлігін ұрпақ санасына сіңіру. Байқау негізінен төрт бағытты қамтиды. «Жұртының жүрегінде Жұбан ақын» деп аталатын кезеңде қатысушылар ақынның өмірдеректері, шығармашылығы туралы бұрын болмаған деректердің, туған өлкесінің ерекшеліктерінің насихатталуын қамтып, мақала жазуы қажет болса, «Мәңгілік ел идеясы – Жұбан жыры» атты екінші бағытта ақын шығармашылығы бойынша зерделеу жоба жұмыстарын жасаса, «Жұбан жырлары – жадымызда» бағытында ақын шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп оқып, бейне- Reels түсіру және «Алты Алаштың ардақтысы жыр Жұбан» бағытында «АІ генерациялаған иллюстрациялар» жасанды интеллект көмегімен Жұбан шығармашылығын жаңа форматта ұсыну қажет болды.

– «Ақжайық ауданында өткен “Қазақ барда Жұбан рухы мәңгілік” атты аймақтық байқаудың “Алты Алаштың ардақтысы – жыр Жұбан” бағыты бойынша жүлделі І орынға ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл байқауда мен биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай ақынның “Біз жеңеміз” атты өлеңіне визуалдық бейне жасасам, сонымен қатар Желтоқсан көтерілісіне үн қосқан Жұбан ақынның символикалық бейнесін сипаттауға да тырыстым. Бұл бағыт ақын шығармашылығын жаңа форматта ұсыну болатын. Жұмыстар екі ай бойы қабылданып, қорытындысы күні кеше, ақынның туған күні қарсаңында шығарылды. Аймақтық деңгейдегі бұл байқауға Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан да қатысушылар келіп, өз еңбектерін ұсынды. Бұл жетістік – өнерге, әдебиетке, тарихымызға деген сүйіспеншіліктің жемісі,- дейді Ақсана Азаматқызы.

Сондай-ақ «Өмірде, өлеңде де Жұбан бүгін» деп аталатын ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу бағамы бойынша кітапхана әдіскері Гүлназ Оразова мен Шырын Ғарифолла Алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік, байқау Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтті.

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT