Жақында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Атырау облысы бойынша арнайы мониторингтік топтың кеңейтілген мәжілісі өтті.
Онда 2016 жылғы қараша-желтоқсан айларында істелген жаяу жүргінші жолының сапасыздығы, оған жауапты адамдардың жауапсыздығы сыңға алынды.
Алдымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мемлекет пен қоғам тарапынан сыбайлас жемқорлықты алдын алу жөнінде көптеген жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келетінін айта келе, сол кездегі биліктегілердің салғырттығынан олқылықтар орын алғанын айтты.
- Кешегі іске асырылған жұмыстарға ешқандай да бақылаудың жүргізілмегені көрініп отыр. Сондықтан біз әрқашан шындық ащы болса да, қашанда оның ашығын айтуымыз керек,-деп, бұл жағдайдағы фактілердің ешбіреуі аяқсыз қалмай, нақты шаралар алынатынын қаперге берді.
Одан әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасының тергеушісі Айбар Сарин жаяу жүргіншілер жолын жасауға бөлінген қаражаттың мән-жайын ашық жеткізді. Ал көтерілген сұрақтарға орай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Иманғазиев жасалған жобада көшелерге брусчатканы қысқы мезгілде салуға болмайтындығы көрсетілмегенін айтып жауап бергенімен де, топ жетекшісі Тоқтамыс Қадошұлы сала басшының жауабына келіспейтіндігін нақты айтты.
Толығырақ газетіміздің 18 сәуірдегі санынан оқи аласыздар