2025 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысы аумағында жүргізушілердің жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу дерегімен 288 қылмыстық іс тіркелді. Аталған жол-көлік оқиғалары салдарынан 96 адам қаза тапты. Қазіргі уақытта бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — жүргізушілердің автокөлік жылдамдығын шамадан тыс асыруы, қарсы қозғалыс жолағына шығуы, жаяу жүргіншілерге жол бермеуі, сондай-ақ маневр жасау ережелерін өрескел бұзуы. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес, көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуының ең ауыр жазасы — бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Барлық жүргізушілерді көлік құралын басқару кезінде барынша мұқият болуға, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, ал жаяу жүргіншілерді қауіпсіздік шараларын естен шығармауға шақырамыз.


