Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің “Сауал — Сізден, жауап — бізден” атты жаңа айдары Салық кодексіндегі жаңашылдыққа қатысты сауалмен басталды. Махамбет ауданының тұрғыны Жанар Сүлейменова редакцияға жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығы мен медициналық төлемдерге қатысты өзін толғандырған сұрақтарын жолдады.
Қоғамдық ортада қызу талқыланып жүрген осы мәселелерге Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті №2 камералық бақылау бөлімінің басшысы Серіккерей Қуанов нақты әрі түсінікті жауап берді.
– Жалақыдан ұстайтын жеке табыс салығы (ЖТС) қалай есептелетіні бәрімізді де қызықтырады. Бұрын қолданылып келген салық шегерімдерінің тәртібі қалай өзгерді? Ай соңында еңбекақы алғанда «қалта қалыңдайтындай» қаржы алудан үміттіміз…
– Биыл Салық кодексіне енгізілген түзетулер жеке табыс салығын есептеу тәртібін айтарлықтай өзгертті. Ең басты жаңалық – салық салынбайтын стандартты шегерімнің едәуір ұлғаюында. Бұрын бұл шегерім 14 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде болса, қазір ол 30 АЕК-ке жетті. Бұл өзгеріс басқа шегерім түрлерінің алып тасталуымен байланысты.
Бұрын ипотека бойынша немесе көп балалы ата-ана ретінде қосымша шегерімдер қолдануға болатын. Қазір мұндай жеке шегерімдер жоқ. Енді 30 АЕК көлеміндегі шегерім баршаға бірдей қолданылады. Яғни сіз көп балалы ата-ана санатына жатпасаңыз да, ипотекаңыз болмаса да, бұл шегерімді пайдалана аласыз.
Жаңа тәртіп бойынша мысал келтірейік. Айына 300 000 теңге жалақы алсаңыз, әуелі одан зейнетақы жарнасы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі ұсталады. Сосын табыстан 130 000 теңге стандартты түрде шегеріліп, тек қалған бөлігіне ғана ЖТС салынады. Бұрын бұл қызметкер шамамен 21 000 теңге салық төлесе, қазір 14 000 теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде әр ай сайын қосымша 7-8 мың теңге қолында қалады.
Ең маңызды өзгеріс – айына 150 000 теңгеге дейін табыс алатын қызметкерлер енді ЖТС мүлде төлемейді. Бұл қарапайым еңбек адамын қолдауға бағытталған шешім, себебі елдегі жалдамалы қызметкерлердің жартысынан астамы дәл осы деңгейде жалақы алады. Бұрынғыдай қосымша құжат жинаудың қажеті жоқ, стандартты шегерім баршаға бірдей қолданылады.
Дайындаған Майра ЕРҒАЛИ


