Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Үндеуіндегі «Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды» деген жолдарды оқып қанағаттанған сезімде болдым.
Осы Үндеумен таныса отырып, осыдан біраз бұрынғы 19 наурызда жарияланған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл-біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір. Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер. Сонда ғана біз мықты болып, сын–қатердің бәріне төтеп береміз. Сонда ғана біз өркендейтін боламыз» деген ұранға татитын арнауы есіме оралды.
Шынында да болашақтағы дамыған, өркениетке қадам басқан Қазақстан-ол біздің бүгінгі жастардың жарқын болашағы.
Оны көркем ету, экономикасы мен мәдениетін дамыту алдымен біз үшін өте қажеттілік. Оны осы күннен әрбір замандасым дұрыс түсініп, барынша сапалы білім алып, еңбекке араласып, ел байлығын молайтып, өз тұрмысын жақсартуға жұмыстануы керек. Бүгінгі Мемлекет басшысының Президент сайлауын өткізу күнін белгілеп отырған сәтте осы мүмкіндік тиімді пайдалануға ұмтылу керек. Бәсекелі қоғамның сұранысына сонда ғана біз жауап бере алатын боламыз.
Қайырлы ҒИЛМАНОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты,
«Тағылым-Дендер» қоғамдық ұйымының жетекшісі.