Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауындағы жетінші бөлім – адам капиталын дамыту, білім беру саласын цифрлық технологиялармен ұштастыру – біз, информатика пәнінің ұстаздары үшін аса маңызды.
Әлемдік еңбек нарығының қарқынды өзгерістері, әсіресе жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы – бүгінгі мектеп оқушыларынан жаңа дағдыларды талап етеді. Сондықтан жасанды интеллект негіздері пәнін мектеп қабырғасынан енгізу бастамасын толық қолдаймын. Бұл – балаларға ерте жастан технологиялық ойлау мен болашақта қажет болатын құзыреттерді қалыптастырады.
Al-Sana бағдарламасына студенттерді тартумен қатар, мұғалімдердің де біліктілігін арттыру аса қажет. Мұғалім ретінде мен өз тәжірибемде оқушыларға тек бағдарламалау негіздерін ғана емес, жасанды интеллекттің логикасын, деректермен жұмыс істеудің қарапайым тәсілдерін үйретуге дайынмын.
Qazaq Digital Mektebi – ауыл мектептері үшін үлкен мүмкіндік. Бұл платформа арқылы шалғайдағы балалар да заманауи оқу ресурстарына қол жеткізіп, сапалы білім алуға жол ашады. Әсіресе информатика сабақтарында қашықтан тәжірибелік жобалар жасауға қолайлы болмақ.
Президентіміздің білім беруді цифрландыруға бағытталған бастамалары – ел болашағына жасалған стратегиялық инвестиция. IT маман ретінде мен бұл қадамдарды толық қолдаймын. Біз балаларға тек компьютерді пайдаланып қана қоймай, өздері жаңа технологияларды жасайтын ұрпақ болуына жағдай жасауымыз керек. Бұл – Қазақстанның озық елдер қатарына қосылуының кепілі.
Жұбандықов Нариман,
Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі