Жас екенсің, жұмыссыз жүруге хақың жоқ, ардагерлер осылай деп жол сілтеді

Аудандық ардагерлер кеңесінің бөлмесінде ұйым төрағасы Өтеп Нұриев «Жастар жылы» атқарылуға тиісті маңызды межелерді сөз етіп, көпшілікке алдымен Елбасының жастарға арнауы мен оған қатысты Қазақстан ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің «Жарқын болашақ-жастармен» атты Үндеуін таныстырды.

Ерсайын КӨШЕК, ауданның Құрметті азаматы, алқа мүшесі: -Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Бүгінгі жас буын-біздің ертеңгі үмітіміз» атты «Жастар жылының» ашылуындағы сөзін ерекше ықыласпен тыңдадым. Мені, әсіресе, оның алдында сөз алған жігерлері жанып тұрғандар, соның ішінде 13 жасында үлкен университеттің студенті, бірнеше жаңалықтар ашып үлгерген жастың сөзі қатты таңқалдырды.

Жас не жасамыс деңіз аудан тұрғындарының кез келгені бұл өңірде Сырым батыр тұлпарының ізі, Махамбеттің өзі қалғанын, Асан қайғы желмаясымен жусанын шалғанын, Қазтуғанның көші өткенін, Жиембеттің сөзі өткенін білсе, біліп қоймай, соны қастерлеп жүрсе ғой. Сондықтан да жастар ұйымы биылы жылы есте қаларлықтай, бір кесекті жұмысты атқаруға осы күннен білек сыбана кірісуі тиіс.

Өтеп НҰРИЕВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Сөзіңіз өте орынды, аудандағы Боран бастаған батырлар мен 16-сы Еңбек Ерінің еңбекқорлығын, аудандағы құм өресіндегі мектептерден сауат ашып, кейін медицина, техника, тағы басқа күрделі ғылымдардың докторы болған жерлестерімізді үлгі етіп ұсына білсек ұтар едік. Өкініштісі, бүгінде көшелерге ілінген Ерлердің суреттерінің өзі түгел емес, ал Малайсары би деп Қазақстанның басқа түкпірінен шыққан батырдың суретін іліп қойған. Сол себепті де ауданның ардақты тұлғаларын жастар жақсы біліп, оларды насихаттауды осы «Жастар жылының» жұмыс жоспарына енгізіп, көптен сөз болып жүрген Махамбет, Мұрат, Малайсары билерге ескерткіш орнату жұмыстарынан бастаса еш айып болмас еді. Жалпы «Жастар жылы» ауданда бір кесек маңызды, есте қалатын жұмыс істелуі керек деген ой өте орынды, оны қолдаймын.

Марфуға АХМЕТОВА, ауданның Құрметті азаматы:

-Аудандық ұйымда қанша жас бар, оның нешеуі жұмыссыз, үйсіз, мамандықсыз жүр. Қаншасына қамқорлық керек, үйленді ме, ажырасты ма, осының бәрінің есебін жүргізіп отыруға міндетті. Ақпаратта қазір елімізде 81 мыңдай жастың жұмыссыз екені жазылды. Негізі барлығы әр жастың өзіне байланысты. Меніңше, әлі де миымыздың бір бөлігі жұмыс істемейтін сияқты. Күні ертең көп мамандықты роботтар ауыстырады, сонда не жастар далада қала ма, соны осы күннен ойлаулары керек қой.

Тағы бір айтарым, «Борат» клубы артындағы үлкен бақ күтімсіз қалды. Оны кент округі ескеріп, күтімге ала ма деп ойлап едім, болмады. Сондықтан бір кезде Индер борат кеніші жастары жасаған бұл орталық бақ қайтадан жаңғыруға тиіс. Осы міндетті жастар ұйымы өз жауапкершілігіне алса деймін.

Қабижан ҚАПИЗ, аудандық билер кеңесінің төрағасы:

- Маған алдымен осы жастар ұйымының ресурстық дегені ұнамайды. Меніңше, дұрыс емес, өзгерту керек. Ұйымның атауы жастардың мақсат-мүддесін айшықтап тұруы тиіс. Бүгінде шет елдік пен біздің көптеген компаниялар керекті мамандарды өздері дайындап алатын болды. Ондай курстар Атырауда да көп. Бұл сияқты курстар ауданда да жұмыс істеуі тиіс. Жергілікті басшылық бұған аудандағы колледжді тартып, мамандығы жоқ жастарды анықтап, қаржы бөліп, осында оқытудың шарасын алғаны дұрыс. Жастар қалаға барып, жатын орын таппай жүргеннен, осы тиімді. Жастар ұйымы бұл жұмысты да мықтап қолға алса айып па?!

Аслан КЕНЖЕҒАЛИЕВ, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Ағалармен өткен осындай кездесулердің – біз үшін пайдасы өте зор. Сондықтан да біз алдағы уақытта осындай шараларға қатысуға үнемі шақыратын боламыз.

Дөңгелек үстел жанындағы пікір алмасуға ауданның Құрметті азаматтары Сансызбай Базарбаев, Кеңес Сахи және Маргарита Бегәліқызы, Серік Жұқаұлы, Қуанғали Ғабсаламов, Бақыт Қарекешова, «Райхан» балабақшасының әдіскері Жадыра Рахметуллина, тағы басқасы қатысты. «Жастар жылына» арналған шараны қоғамдық ұйым төрағасы Өтеп Қасибаұлы қорытындылап, алдағы уақытта ортақ мақсатқа бірлесіп жүйелі жұмыс істеуге шақырды.

С.ХАЛЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT