Редакцияға жолы түскен кент тұрғыны, зейнеткер Зура Сұлтанова жұмысшы жалдаймын деп әбігерге қалғанын айтты.
Үйіне жөндеу жүргізіп жатқан Зура апай құрылыстан қалған қалдықтарды сыртқа шығармақшы болады. Базардан сұрастыра келе Б. есімді ауылдың жігіті ақысына жұмысын істеп беруге келісіпті. Әу баста іске белсене кіріскенімен жарты сағат өтпей жатып, сілесі құрып отыра кетіпті.
«Кеше қонақтықтан шығып едім, «сынып» бара жатқан басымды жазбасам болатын емес» деп үйдің иесін қолқалайды. Мақұл деп әкелген сыраны сіміріп алған соң, «мұрын құрғыры да жыбырлап барады» деп темекі алдыртады. «Басым әлі де мең-зең» деп тағы да сыра алдыртып тауысады. Сол-ақ екен «мә, сағатым болып қалды, жұмыста сменде едім» деп тайып тұрыпты. Келесі күні белсеніп келгенімен удай мас көрінеді, ақша сұрап қайта кетіпті. Ертесіне үйдің иесі жаңадан әкеліп қойған екі жылу батареясының орнында жоғын байқайды. Қорапшасы ғана қалыпты. Б.-дан басқа бөтен ешкім келмегендіктен, оны іздеп барып ұрланған батареясын тауып беруді өтінеді. Б. болса құдайдың алдында күнәсіз екендігін айтып азар да безер болады. Ақыры тәртіп сақшыларына жүгінуге тура келіпті. Ертесіне Б. жаздым-жаңылдым деп ұрлағанын мойындап, қос батареяның құны-30 мың теңгені әкеліп тұрған көрінеді. «Апа, енді арызыңызды қайтарып алсаңыз, жұмыстан шығып қалатын болдым», деп жалынады. Жымқырғаныңды қайтарғаның жарар деп арызын қайтарып алыпты.
-Пәтерімді жөндетемін деп осылай әбігерге қалдым, ойпырым-ай, арамызда адамның аласы да кездеседі екен. Ал қылмысты ашып, ұрыдан дүниемді қайтарып берген АІІБ басшысы Б.Жанұзақовқа және Ринат, Жасұлан, Айдос, Асланбек, Артур сынды тергеуші жігіттердің іскерлігіне риза болдым, -дейді Зура апай.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.