Үздік пошташылар анықталды

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің маңызы ерекше. Өйткені, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды баспасөз, телевидение мен радиосыз елестету мүмкін емес.

БАҚ – тек ақпарат жеткізумен ғана айналыспайды, ол – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір.

Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг болып саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің ұжымы да осынау кәсіби мерекелерін жан жадыратар жетістіктермен және жақсы көңіл күймен қарсы алды. Медиахолдингтің баспасөз орталығында өткен салтанатты мерекелік шарада серіктестік директоры Баязи Әбдешев ұжымды мерейлі мерекелерімен құттықтап, бір топ қызметкерлерді марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.

– Журналист – қастерлі мамандық иесі. Оның қызметі халықпен, қоғаммен тікелей байланысты. Осының өзі әріптестерімізге зор жауапкершілік жүктейді. Ел артқан сенімнен шығу – абырой, – деп атап өтті Баязи Мәдешұлы.

Осы мерекелік шара барысында Атырау облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Үздік пошташы» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

«Үздік пошташы» байқауы – «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының 2018 жылдың II жартыжылдығына газетке жазылу науқанын тиімді ұйымдастыру бағытында ағымдағы жылдың 1 мамыр – 25 маусым күндері аралығында бірлесіп ұйымдастырған жобасы.

Байқаудың алдына қойған басты мақсаты – облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттеріне жазылым санын арттыру, «ҚазПошта» АҚ-ның үздік қызметкерлерін ынталандыру, «Атырау-Ақпарат» серіктестігі мен «ҚазПошта» АҚ облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайту болып табылады.

Аталған байқаудың шартына сәйкес, байқауға қатысушы «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кез келген пошта қызметкері аталған мерзім аралығында облыстық газеттердің біріне 50 немесе 200-ден аса оқырмандардың жазылуына ықпал етсе, байқау жеңімпазы, яғни, «Үздік пошташы» атанып, тиісінше қаржылық сыйақымен марапатталу көзделген. Мәселен, 50 оқырман жаздырған пошташыға – 25 000 теңге, 75 жазылушы – 35 000 теңге, 100 жазылушы – 55 000 теңге, 150 жазылушыдан жоғары – 75 мың теңге және 200 жазылушыдан асса – 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы қарастырылған.

Бір айта кетерлігі – газетке жазылушылардың жазылым мерзімі 6 айдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, байқау әділ өтуі үшін конкурсқа қатысу мүмкіндігіне тек пошта қызметкерлері ғана ие болды. Ал, «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кеңселеріндегі мекемелерге және өздігінен жазылушыларға қызмет көрсететін операторлар қатыстырылған жоқ.

Байқау қорытындысы бойынша ең көп жазылушының газетке жазылуына ұйытқы болған 13 пошта қызметкері жеңімпаз деп танылды. Олардың 5-еуі – Құрманғазы, 3-еуі – Исатай, 2-еуі – Қызылқоға, 2-еуі – Махамбет аудандарынан болса, 1-еуі – Атырау қаласының Балықшы ауылдық округінен. «Үздік пошташы» атанған жеңімпаздардың алды 60 жаста болса, ең жасы – 28 жаста.

Облыстық басылымдардың әрқайсысына 100-ден аса оқырманды жаздырған Құрманғазы ауданының Балқұдық және Сүйіндік ауылының пошта қызметкерлері Гүлжан Қайырова мен Ләйла Еслямова, Қызылқоға ауданының Миялы стансасының қызметкері Маржан Бейсова – 55 мың теңгенің сертификатына ие болса, 75-тен жоғары оқырманды жаздырған Исатай ауданының пошта қызметкерлері Дина Шарапова, Жұмабике Құлышева, Махамбет ауданы Сарайшық ауылынан Сұлтан Алтын – 35 мың теңгенің сыйақысын иеленді. Ал, 50-ден жоғары жазылушымен қамтамасыз еткен Құрманғазы ауданының пошта қызметкерлері Айбарша Ибрашова, Нұрсұлу Алипова, Гүлбаршын Есенғалиева, Исатай ауданынан Назымгүл Қанатова, Қызылқоға ауданынан Райхан Салимова, Махамбет ауданынан Гүлмира Қарымсақова және Атырау қаласының Балықшы ауылдық округінен Сағира Күншекеева 25 мың теңгенің қаржылай сыйлығына лайық деп танылды.

Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға және «Үздік пошташы» байқауын ұйымдастыруға қосқан үлесі, серіктестікке қарасты облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарына дер кезінде жеткізу жолындағы ерен еңбегі үшін облыстық филиал директоры Алтын Садықова «Алғыс хатпен» марапатталды.

Байқау жеңімпаздарына арнайы дайындалған «Үздік пошташы» дипломдары мен қаржылай сыйақыларының сертификаттарын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев тапсырды.

 

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.

Атырау қаласы.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




ZERO.kz

Яндекс.Метрика