ҚЫЗЫҚТЫ КАНИКУЛ ҚЫЗҒАН ШАҚ

d126bf91-4099-4b1d-bb3c-13a6a0aeee61МІНЕ, ЖАДЫРАП ЖАЗ МЕЗГІЛІ ЖЕТІП, БАЛАЛАР ҚЫЗЫҚТЫ КАНИКУЛДЫ БАСТАП ТА КЕТТІ. АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН АЛЫСТАН САҒЫНЫП КЕЛГЕН НЕМЕРЕЛЕРІН БАУЫРЫНА БАСЫП ҚУАНЫП ЖАТСА, БІРІ ҚЫДЫРЫП ҚАЛАДА ЖҮР. ЖАЛПЫ АУДАНЫМЫЗДА 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА ТҮРЛІ ЛАГЕРЬЛЕРДЕ ДЕМ АЛАДЫ ДЕП ЖОСПАРЛАНҒАН. ЕНДЕШЕ, БАЛАЛАР ДЕМАЛЫСЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

 

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА – 18 МЛН 48 МЫҢ ТЕҢГЕ

 

Әр ата-ана баласын жаз айында қыдыртқанды, ауылдағы ата-әжесіне апарғанды тәуір көретіні белгілі. Ал жалпы оқушылар үшін еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі лагерьлер есігін айқара ашты. Ауданда да Елтай ауылдық округіндегі «Жас өркен» лагері мен барлық мектеп базасында жазғы лагерьлер өз жұмысын бастады.

Айталық өткен аптада «Жас өркен» лагерінде маусымның ашылуы ұйымдастырылып, танысып қайтқан болатынбыз. Индер балалар өнер мектебінің директоры, осы лагерьдің құрылтайшысы Гүлсара Адайбекованың айтуынша, лагерь балаларды қабылдауға толық дайын, 3 ай бойы 6 маусым бойынша әр кезеңде 168 баладан барлығы 1008 баланы қамтиды екен. Мектеп есепшісі Динара Бижановадан білгеніміздей, жалпы аталған лагерьге биылғы жылы 18 млн 48 мың теңге бөлініп, оның 16 млн 473 мың теңге материалдық жабдықтауға қаралып, ас үй бөлмесіне тамақ пісіретін үлкен пеш, ет тартқыш, пышақ, электрлі таба, 160 литрлік суқайнатқыш, бөлмелерге кілем, тумбо, аяқ сүрткіш сүлгі, төсек жабындылары, сплитсистема, 2 тоңазытқыш, үстел 6 орындығымен, киімге арналған шкаф, аяқ киім қоюға арналған шкаф және сыртқа жазғы бассейн алынса, 1 млн 575 мың теңге залды жөндеуге бөлінген.

Сонымен қатар, 10 млн 256 мың азық-түлікке қаралып, оны конкурс бойынша Орал қаласындағы «Алтынбек» жеке кәсіпкерлігі (Алтынбек Өтеғалиев) ұтып алған. Қазіргі таңда барлық қажетті азық-түлікті (сүт, сиыр еті, тауық еті, ұн, қант, бұршақ, күріш, макарон, печенье, конфет, шай, картоп, жуа, сәбіз, орамжапырақ, қияр, қызанақ, т.б) тікелей Орал қаласынан тасымалдауда. Лагерьге жауапты қызметкер Гүлзада Тасыбаеваның айтуынша, кестеге сай бір балаға бір күндік тамақтануы үшін 1250 теңгеден есептелген. Алайда бұл қаражат тым аз көрінеді.

Лагерьдің санитарлық талаптары жөнінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ақмарал Қосымбаева:

-Жалпы лагерьлерде санитарлық қағидаларға сәйкес канализацияланбаған орындарда әжетхана мен жуынатын орынның сыртта болуына рұқсат етілген. «Жас өркенде» кәріздер желісі бар, алайда барлық үй-жайларға жүргізілмегендіктен, сырттағы орынды пайдаланып отыр. Ол сол ауылдық жерлерде рұқсат етіледі. Екінші мәселеге келер болсақ, биыл лагерь ашылмастан бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ас үй санитарлық нормаға сай. Лагерь маусымы басталмастан бұрын «Жас өркен» лагері және барлық мектеп жанындағы лагерь меңгерушілері мен қызметкерлеріне арнайы семинар өткізіп, санитариялық қағидалары мен талаптарын түсіндірдік. Тамақтан уланулардың алдын алу мақсатында біздің басқарма, тағам жеткізуші жеке кәсіпкер және лагерь басшылығымен бірлескен үшжақты меморандум жасақталды. Балалардың санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпсіздігі үшін лагерь маусымы барысында түсіндіру жұмыстары жалғаса бермек, - дейді.

Сондай-ақ балалардың өлке тарихын тануы үшін түрлі саяхат жұмыстарын ұйымдастыру кемшін қалып, көлік мәселесі шешілмепті.

 

ӘНҰРАН ШЫРҚАЛЫП, ТУ КӨТЕРІЛДІ

02400f13-97e7-441c-b38a-a07dc53089b6

Жалпы мұнда талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, балалардың демалыстарын қызықты өткізулері үшін арнайы жоспарлары жасақталған.  Атап айтар болсақ, «Әсем әуен» дәстүрлі ән үйірмесі, қобыз үйірмесі, «Айкөркем» бишілер үйірмесі, актерлік шеберлік, қол күресі, бояулар әлемі, Amazing English үйірмелерінде лагерь тәрбиеленушілері өз уақыттарын тиімді пайдалануда. Бұл жерде жетім, жартылай жетім, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларымен қатар дарынды, өнерлі, үздік оқушылар да бар. Демалушы балдырғандар жас ерекшеліктеріне қарай 8 топқа бөлініп, олармен жетекшілер Р.Жанесеева, О.Аққалиев, А.Асылбекқызы, М.Шауменова, А.Асхатова, Ж.Тұңғатарова, Д.Алибекқызы, М.Шапеновтар және аға тәлімгер Г.Сариева, дене тәрбиесі нұсқаушысы Н.Есалы, сүйемелдеуші Б.Жақияев пен медбике А.Сариевалар жұмыс жасауда. Сонымен салтанатты шарада ақ көйлек киіп, көк галстук таққан оқушыларды топ жетекшілері бастап сап түзеді. Одан әрі аға тәлімгердің:

- Лагерь демалушылары! Сап түзе! Ортаға назар сал! Топ жетекшілеріне демалушылардың сапқа тұрғызылғандығы және ұрандық ұстанымдары туралы рапорт беруге рұқсат, - деген сөзінен соң «Мұрагер», «Бірлік», «Болашақ», «Ұлан», «Жалын», «Тұлпар» тобының топ жетекшілері аға тәлімгер Гүлбаршын Сариеваға, ал ол лагерь басшысы Нұртас Каракуловқа толық дайындық жөнінде рапорт берді. Одан соң республикалық, облыстық, ауданлық спорт жарыстарында жүлделі орын алып жүрген жас өрендер Әлібек Исаұлы мен Айкөркем Жасұланқызы Әнұран аясында мемлекеттік Туды көтерді. Бір қатарда сап түзеп, қолдарын кеуде тұсына қойып балалардың әнұранмен бірге қосыла шырқауынан Отанға деген сүйіспеншіліктерін көру көңілге қуаныш ұялатады.

Салтанатты жиында аудандық білім бөлімінің әдіскері Тұрсынай Аренова мен лагерь құрылтайшысы – аудандық балалар өнер мектебінің директоры Гүлсара Адайбекова сөз сөйлеп, балалардың жазғы каникулды жақсы өткізулеріне тілектерін білдірді.

- Ең алдымен жазғы уақытта демалатын лагерь – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие құралы. Сендер бұл жерде жай демалып қана қоймай, қоршаған ортаны тануды, еңбектенуді, өнерлі болуды үйренесіңдер, достыққа бейімделесіңдер. Жаңа ортада жаңа достар табасыңдар. Сондықтан тек қана сәттілік, - деді Тұрсынай Аренова.

97158960-2b34-45ff-9392-de528a8fcafc

Ал, демалушылар атынан «Тұлпар» тобының топбасшысы Әлібек Исаұлы жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ оқушылар ән, биден шашу шашты. Атап айтсақ, Бекжан Азаматұлы «Балбырауын» күйін, Кәусар Аманжолқызы «Тикток», Сағытжан Нұржібек, Айсана мен Айбибі, Әлібек Інжу әннен шашу шашса, «Айкөркем» бишілер тобы қазақ биін, Айкөркем Жасұланқызы өзбек биін мың бұрала биледі. Шара соңында Олжас Аққалиев "Жас өркеннің" әнұранын шырқап, барлығы бірге қосыла ән салды.

«Бірлік» тобының тәрбиеленушісі Алмат Қайыржан кенттегі М.Әуезов атындағы орта мектептің 5 сыныбынан тәмамдап, қазір лагерьде жазғы демалысын өткізуде.

- Лагерьге келгеніме қуаныштымын. Топ басшысы болып, командамен жұмыс жасауды, оларды ұйымдастыруды үйреніп жатырмын. Кейбір балалармен енді танысудамын. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан бастап, уақытымыз қызықты өтеді. Тағы да келгім келеді,- десе, Тұрлан Нұрланұлы Олжас ағай мен Рита апайды жақсы көретінін, Есбол ауылдық округінен келген ағайынды Інжу, Құралай, Ерке сынды бір үйдің балалары жаңа достар тауып жатқанын мақтаныш етеді.

 55d1174a-e2c0-4b82-866b-981a83c3e01b

МЕКТЕПТІҢ ДЕ ӨЗ ЛАГЕРІ БАР

Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының демеушілігімен 16 бала шілде айында Орал қаласындағы «Евразия» лагеріне 50 пайыз жеңілдікпен барады. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, тамыз айында Железноводск қаласына 40 бала, Атыраудағы «Тұлпар» лагеріне 12 бала барады. Ал, сәуір айында "Бөбек" лагеріне 6 бала барып демалып қайтқан. Аталған лагерьлерге бірінші кезекте жетім, жартылай жетім, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балалары барады. Ал, дарынды балаларға арналған «Балдәурен» лагеріне кенттегі М.Әуезов атындағы орта мектептің әскери-патриоттық жарыстың қатысушылары 7 бала күні бүгін жолға шықты.

Кенттегі біз аяқ басқан М.Әуезов атындағы орта мектепте оқушылар жазғы демалыстарын қызықты өткізіп, мектеп ішіндегі «Гүлбану» лагерінде демалуда. Бұнда балалар 12 күн бойы 25 бала ойын ойнап, түрлі үйірмелерге қатысып жан-жақты дами алады. Лагерь директоры Бахытгүл Саховадантбілгеніміздей, мұнда балаларға 3 тәрбиеші мен 2 практикант, музыка, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі қызмет етеді. Біз барғанда балалар бірінші ауысымның жабылуына дайын- далып жатыр екен. Бірі домбырада ойнап отырса, енді бірі би билеп, бірі қағаздан түрлі әдемі дүниелер жасауда. Солардың бірі Райымбек Базарғали домбыра тартуды үйреніп жүр.

– Мен лагерьге келгеніме қуаныштымын. Себебі мұнда кешке дейін түрлі ойындар ойнаймыз. Мысалы мен музыка пәні мұғалімінен домбыра тартуды үйреніп жүрмін. Маған домбырада ойнаған ұнайды. Назгүл апайға алғыс айтамын,-деді. Ал, Інжу Бейбітқызы лагерьден өзіне көптеген достар тауып, уақытын қызықты өткізіп жүргеніне қуанышты екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде лагерь демалушыларының бос уақытын бірыңғай бағытта тиімді ұйымдастыру мақсатында «ІТ лагерь», «Машина времени», «Жалын» дебат клубы, «Auezov School» мектеп парламенті, «Тоғызқұмалақ» үйірмесі жұмыс жасауда. Жалпы ауданға қарасты Елтай ауылдық округінде орналасқан «Жас өркен» лагерін толық жабдықтап, басқа қаладағы лагерьлер секілді қысы-жазы бала қабылдайтын орын етіп ауыстырса, тек ауыл балалары ғана емес, қаладан да оқушылар келіп дем алатын орын болатындай. Ол енді келер күннің еншісінде.

 

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521