Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру мен оны нақты секторға енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда цифрлық даму – тек технология емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты бағыт.
Кәсіпкер ретінде мен бұл бағыттың өз ісімізге үлкен серпін беріп отырғанын айтар едім. Бүгінде бизнес жүргізудің көптеген процестері онлайн форматқа көшіп, есеп-қисап, салық төлеу, мемлекеттік қызметтер алу айтарлықтай жеңілдеді. Электронды платформа мен мобильді қосымшалар уақыт үнемдеп, қағазбастылықты азайтты.
Цифрландыру кәсіпкерлерге нарықты талдауға, өнім мен қызмет сапасын жақсартуға, тұтынушымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін интернет арқылы тапсырыс қабылдап, өнімді жеткізу, әлеуметтік желілерде жарнама жасау – бизнесті жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолы.
Индер ауданында да бұл бағытта оң өзгерістер байқалады. Кәсіпкерлер электронды сауда алаңдарына шығып, цифрлық төлем жүйелерін белсенді қолдануда. Мемлекет тарапынан «Бизнеске арналған цифрлық шешімдер» және «Кәсіпкерлік порталы» сияқты жобалар іске асып, жергілікті іскер азаматтардың мүмкіндігін кеңейтуде.
Цифрландыру – ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтатын көпір. Сол себепті әр кәсіпкер заманауи технологияларды меңгеріп, инновациялық ойлауға ұмтылуы қажет. Өйткені цифрлық даму – болашақтың емес, бүгінгі күннің талабы.
Ақнұр Қарабалина
жас кәсіпкер