Түнгі кітапхана кеші  бард ақынға арналды

 
Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Аяшұлы Досымовтың 60 жылдығына орай еске алу кеші «Түнгі кітапхана» шеңберінде жалғасын тапты. Бұл Индер аудандық кітапхана ұжымының «Із тастап аққан біз жұлдыз» атты керемет  кеші болатын. 


-  Дендердің киелі топырағында  Табылды  дүниеге келіп, арқалы ақындығымен, танымды талантымен бүкіл  елге танылуы  біз жерлестері үшін мақтаныш әрі биік мәртебе. Бүгінде бард ақынның 60 жылдығына арналған еске алу шаралар легі  тек өзінің туған жерінде ғана емес, еліміздің басты қалаларында да атап өтілуде. Ал ауданның мәдениет саласының жоспары бойынша,  аудандық, барлық ауылдық мәдениет үйлерінде, кітапханаларда осындай еске алу шаралары, поэзия кештері әртүрлі форматтарда   жалғасын табуда, - деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева.  

 


Әсерлі шара барысында ақынның өлеңдерін жергілікті өнерпаздар Піштібай Самиғолла, Рафаель Бөжекенов, Алтынбек Бақтыгерев, Айдар Досымов, Сұлтан Қияқбай және  аудандық балалар өнер мектебінің гитара сыныбының оқушылары  тамылжыта шырқады. Нұрасыл Иса мен Оңғар Еділ ақынға арналған арнау өлеңдерін ортаға салды. Бард ақынның достарынан Нұржан Бисенбаев, көрермендерден Ақмарал Қосымбаева ақ тілектерін арнады. Шараны жүргізушілер Ақсана Сансызбаева мен Асылай Досымова   көрермендерге бард ақын туралы сауал қойып, қызықты ойындар ұйымдастырды.


Еске алу кешін аудандық орталық кітапхананың директоры Дина Маратқызы қорытындылап, Табылды Досымовтың жұбайы Қарлығаш Ибатоваға және кешке үлесін қосқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, сыйлығын ұсынды. 
Соңынан Индердің гимніне айналған Табылды Досымовтың «Дендерім байтақ мекенім» әнін жергілікті өнерпаз Нағим Сатимов орындап, барша көрермендер ыстық ықыласын білдірді.


С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT