Таяуда Атырау өңірінде тұңғыш рет «Tartyl Fest» фестивалі ұйымдастырылып, онда 300-ге жуық үміткер бағын сынады. Президент жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қоры мен Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген жарысқа қатысушылар салмағы мен жасына қарай 9 санат бойынша өзара мықтыны анықтады. Фестивальде индерлік жерлестеріміз де өнерлерін көрсетіп қайтты. Жеке кәсіпкер, мүмкіндігі шектеулі азамат Қуат Жанесеев ерекше жандардан өзі ғана қатысып, көпке үлгі көрсетті.
– Мен де өз бағымды сынадым. Аллаға шүкір, өзім үшін көрсеткішім жақсы. Жарысқа қатысудағы басты мақсатым турникке тартыла алатындықтан, жігері жасымаған, қайраты тасыған жанның бірі екенімді дәлелдеу, - дейді Қуат Жанесеев.
Сонымен қатар, тартысты өткен бәсекеде 18 жас шамасындағы 55 кг салмақта елтайлық Тілеухан Зейнеп (суретте сол жақта) 26 рет турникке тартылып, ал өрліктік Бекнұр Қанатай (суретте оң жақта) 70 кг салмақта 21 рет тартылып, екеуі де облыс бойынша ІІІ орынға қол жеткізді.
– Өзім спортқа жақын болғандықтан, осы фестиваль өтеді дегеннен бастап дайындалған едім. Бұл жерде кіл мықтылар сынға түскендіктен, ойын өте тартысты өтті. Екінші орынға талас кезінде 1 ғана ұпай жетпей қалды. Алда әлі де талай жарыстарға қатысатын боламын. Биыл 10 сыныпты тәмамдадым. Жарысқа үнемі дайындап жүрген Қылышбай Өтегенов ағайыма алғысым шексіз , - дейді Бекнұр Қанатай бізбен әңгімесінде.
Жеңімпаздарды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова және «Дара» таланттарды қолдау қорының басшысы Нұрлан Қоянбаев, сондай-ақ жоба амбассадоры, қоғам қайраткері, жаттықтырушы, актер Айтым Жақыпов марапаттады.
Н.ЖАДЫРА