СТУДЕНТТЕР ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТПЕК

Индер көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінде студенттерді шаруа қожалықтарында тәжірибеден өту және еңбек етуге шақыруға бағытталған жиналыс өткізілді. Шараға 2-3 курс студенттері мен ұстаздары, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Абай Абдиров, аудандық аумақтық инспекция басшысы Талғат Махметов пен бірқатар егін шаруа қожалық өкілдері қатысты.

Алдымен колледж директоры Бағытжан Құнас шараның мақсатын түсіндіре келе, тәжірибе кезінде бар зейіндерін еңбекке салып, өз біліктіліктерін арттыруға шақырды. Одан соң Абай Абдиров теориялық білімдерін практика жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін жұмысқа араласып, мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат беріп өтті. –Студенттер маусымдық жұмысқа кіруге ниет білдірсе, олармен арнайы келісімшарт жасақталады. Дегенмен, олар кәмелет жасқа толмағандықтан барлығының ата-аналарынан рұқсат қағазы керек болады. Сондай-ақ, келісімшарт негізінде заң жүзінде еңбекақылары да төленетін болады, - деді ол.

Ал, шаруа қожалық иелері өз кезегінде маусымдық жұмысқа алынған студенттер көмек беріп қана қоймай, өнім өсіру, оны өңдеу, тамшылатып суару секілді жұмыстарды жасай отыра өздері де үлкен білім алатындықтарын жеткізді. Жиын соңында колледж директорының өндірістік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Мұстафа мен өндірістік оқыту шебері Қайырғали Таудаев студенттердің маусымдық өндірістік тәжірибеден өткендігі еңбек өтілі ретінде есептеліп, еңбек кітапшасына жазылатындығын атап өтті.

Айта кетейік, былтырғы оқу жылын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша 23 студент бітіріп шықса, биылғы оқу жылында 3 курста 20 студент және 2 курста 25 студент кезең-кезеңімен маусымдық өндірістік тәжірибеге барады деп жоспарлануда.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT