Сәрсенбінің сәтті күні «Дендер» газетінің редакциясында әдебиет пен руханиятты арқау еткен тағылымды басқосу өтті. «Ел болам десең...» айдары аясында ұйымдастырылған бұл жиында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, газеттің тілші-авторы Қосымбаева Ақмарал Досымбетқызының «Ой салар...» атты тұңғыш кітабының тұсауы кесілді.
Сәрсенбінің сыйы деп қабылдады мұны жұрт.
Көркем кездесуде жүргізуші Ақмарал Төлегенқызы автордың өмір жолы мен шығармашылық ізденістері туралы баяндады. Одан әрі сұхбат форматында өрбіген әңгіме көптің жүрегіне жол тапты. Әдебиетсүйер қауым жиналып, түрлі сала өкілдері авторға ақжарма тілектерін білдірді.
Автордың тұңғыш кітабының тұсауын Атыраудан арнайы келген жыр сүйер кәсіпкер Жәнібек Жұмашев пен «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин салтанатты түрде кесті.
Рухани кеште дәстүрлі әндерді насихаттаушы Еркін Әубәкіров, аққалалық ақын Камал Ізімов, Табылды Досымовтың бауыры Айбар Досымов, сондай-ақ жас ақын, сырлы жырларымен танылып келе жатқан Нұрасыл Иса өнер көрсетіп, шараның көрігін қыздырды.
Бұл кеш – тек кітап тұсаукесері ғана емес, жүректерге жол тартқан руханият мерекесі болды. Әдебиет әлеміне құлаш сермеген семсер сөзді Ақмаралдың «Ой салар...» – атты алғашқы туындысы оқырманға ой салатын мазмұнды еңбек екендігімен құнды.
Ендеше, оқып көріңіз оқырман.
"Дендер"-Ақпарат