Аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Әдептілік – дәстүрден» атты ұлттық салт-дәстүр байқауы өтті.
Ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттау мақсатында өткен сайысқа ауылдық округтардан сайыскерлер бақ сынады. Сауалдардың ішінде бүгінгі қолданыстағы салт-дәстүрлермен бірге, ұмытылып жүрген ұлттық құндылықтар да бар еді. Сондықтан да тыңғылықты әзірленіп келмеген сайыскерге оңайлықпен жеңіс бұйырмайтын.
Байқау нәтижесінде көп ұпай жинап, қарсыластарынан жеке дара озық шыққан Индербор кенті әкімдігінің бас маманы Тілекова Шолпан Ерғазықызы бас жүлдені иеленді.
Қалған жүлделі орындарды Көктоғай ауылдық округінің бас маманы Мөлдір Қайырғалиева мен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқық, төтенше жағдайлар және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Бектұрған Масатов жеңіп алды.
Аудандық байқауды қазылар алқасының төрағасы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева қорытындылады.
- Ғасырлардан жалғасқан ұлттық дәстүрді игеру, насихаттау –әрқайсымыздың парызымыз. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер, біздер үлгі болуға тиістіміз. Бүгінгі байқауда жеңіл өткізе салуды емес, сауалдарды күрделендіріп, сайыскерлердің жақсы дайындықпен келуіне баса назар аудардық. Жеңімпазды облыстық байқауда жақсы қырынан танылады деген үміттіміз, - деді ол.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ