Сенбілік - тазалық кепілі. Әрқашан тазалық жұмыстарын жүргізу біздің басты назарымызда. Сондықтан, өзі тұратын жерге жаны ашып, оның тазалығына көңіл бөлу – әрбір азаматтың парызы.
Ауыл тазалығына үлес қосу - туған жерге деген қамқорлық екені белгілі. Сол тұрғысында, өткен сенбіде Елтай ауылының атап айтқанда, С. Датов көшесінің бір топ келіндері күннің салқындығына қарамастан көпке үлгі көрсетерлік іс жасады.
Бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған келіндер жұдырықтай жұмылып, көшенің әсемдігін көрсету, өзге жандарға тазалықтың қадір-қасиетін түсіндіру мақсатында қолға сыпыртқы мен күректерін алып, көшені тап тұйнақтай етіп тазалап шықты.
Жаңа түскен асфальттің бетін айнадай жарқыратқан, оған қоса жол жиектерін бүткіл қоқыстан тазартқан келіндер басқа көшелерде де осындай тазалық акциясы өтсе екен дейді.
Үлгілі келіндердің жандарына қолғабыс ретінде бүлдіршіндерін ертіп алғаны - болашақ артындағы өскелең ұрпақтарын ұқыптылыққа, тазалыққа үйрету.
А. Тұрғалиұлы