ҚҰРЫШ БІЛЕКТЕР ДАЛАНЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫРДЫ

whatsapp-image-2022-08-12-at-10_20_03

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қай кезеңде де  күрделі бағыттардың бірі саналады. Қуаныштысы  ауданда қатарынан бірнеше көп қабатты үйлер салынып,  қоныстойды тойлайтын күн жақындап келеді.  Әрине,  баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі.
Қарқынды жүріп жатқан аудандағы құрылыс барысымен  төл мерекелері  күні қарсаңында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Габдуллин Алтынбек Маратұлымен сұхбат жүргізгенбіз.  
-Алтынбек Маратұлы, Индербордың жаңа мөлтек ауданындағы 4 бірдей 48 пәтерлі үйлер  тұрғындарға қашан пайдалануға беріледі?
- Жалпы құны 1 900 517 мың теңгені құрайтын 48 пәтерлік 4 қабатты төрт тұрғын үйді (192 пәтер) халық игілігіне табыстау үшін Индербор кенті теңгеріміне беру құжаттары жасақталды. Бұл үйлердің құрылысы  былтыр жыл аяғында аяқталған болатын. Бірақ жылумен толық қамтылмауына байланысты қыс таяп қалғандықтан да  тұрғындарға пайдалануға беру мерзімі шегерілді. Осы мөлтек ауданда салынған ортақ жылужаймен бұдан бұрын пайдалануға берілген 80 пәтерлік үйді жылумен қамтамасыз етіп шықты. Енді оған аталған 4 көп қатарлы үйді қоссақ 80 пәтер жылымай қалып, жүйесінде кемшіліктер орын алды. Осыған орай өткен шілде айында жылу жүйесін және  80 пәтерлікті пайдалануға тапсырған  «СМК-4» мекемесін,  48 пәтерлі тұрғын үйлерді салған  «Еврострой-А» мен  жылу қазандығын жасаған «Алау» мекемелерінің өкілдерін басын қосып,  екі рет кездесу ұйымдастырдық. Олар жертөледегі жүйелердің бәрін қадағалады. Ақылдаса келе 80 пәтерлі үйдің астындағы жылу жүйесін өзгертіп  жасауға  келістік. Сонымен қатар  80 пәтерлі үйде орын алған кейбір  олқылықтарды да жұмысты атқарған мердігер мекеме атқарып бермек.  
Аталған  үйлердің алдына абаттандыру жұмыстары бөлек конкурс ұйымдастырылып жүргізілді. Бұл жұмыстарды атқаруға «Агроспецмонтаж» мекемесі шартқа отырған болатын. Қазір мердігер мекеме бордюрларын төсеп, асфальт төсеуге дайындауда. Абаттандыру жұмыстарының ішінде  балалар ойнайтын алаңдары да бар.
Қорыта айқанда бұл жұмыстарды жылу беру маусымына дейін аяқтап, алдағы қыркүйек айында аталған 4 көп қатарлы үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Осы мөлтек аудандағы жаңадан құрылысы басталған екі бірдей 80 пәтерлік үй қалай бой көтеруде?
- Аталған көп қатарлы үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүруде. 8-1 нүктесіндегі   жалпы құны 1 178 000 мың теңгені құрайтын бір 80 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Оның құрылысын «Оңдасынстрой» мекемесі атқаруда. Қазір көп қатарлы үйдің  4-ші қабатын аяқтап жатыр. Сонымен қатар 1-2-3 қабаттарының тоқ желілері тартылды. Оның соңын ала сылақ жұмыстары бірге жүруде. Терезелеріне де тапсырыс беріп қойды. Осы арада айта кетерлігі, соңғы кезде  еліміздің бірқатар қалаларында көп қатарлы үйлердің пластик терезелерінен байқаусызда құлап кетіп жатқан кішкентай балалар көп. Осындай қатердің алдын алу, қауіпсіздік сақтау мақсатында көп қабатты үйлердің екінші қабатынан бастап, терезе форточкаларының үстіңгі жағы жартылай ғана ашылатын етіп жасауға ұсыныс беріп отырмыз. Бұл туралы бізге прокуратурадан да арнайы хат та келді.
Аталған  үйлердің су, кәріз, газ  сынды инженерлік инфрақұрылымы жұмыстары да бірге жүруде. Егер де сәтін салып құрылысы қазіргідей қарқынмен жүретін болса, мердігер мекеменің  биылғы жылдың аяғына дейін аяқтауға мүмкіндігі бар.  Ал келесі 7-1 нүктедегі 80 пәтерлі үйді «Еврострой-А» мекемесі   салуда. Қазір жертөлесіндегі бетондары салынды. Енді А және Б блоктарының бірінші қабатын қалауды бастап кетті. Мердігер мекеме  биыл  үйдің 5 қабатын қалап, төбесін жауып қоюды жоспарлауда. Сонда келесі жылға ішкі әрлеу жұмыстары қалмақ.
Қиыншылығы құрылыс материалдарының еселеп қымбаттап кетуі, әрі тасымалдың ұзаруы  ісіміздің алға басуына кедергі келтіруде. Әсіресе, соңғы құрылысты жүргізіп жатқан «Еврострой-А» мекемесі бұл қиындықпен бетпе-бет келуде. Осы орайда аудан әкімі С.Өтеғұлов аталған мекеменің басшысымен келіссөз жүргізіп, жұмысты тоқтатпай жүргізуге келісті. Құрылыс материалдарына тапсырыстардың уақытында келмеуі де қолбайлау болуда. Қазіргі талапқа сәйкес құрылыс материалдары отандық болуы шарт. Егер де Қазақстаннан өндірілмейтін материалдар болса ғана  шетелдерден тасымалдауға рұқсат етіледі. Әттеген-айы  бетон, кірпіш  сынды материалдарды отандық  зауыттар уақытында беріп үлгермеуде. Ал тасымалға теміржолдан вагондар жетіспей қиындықтар тудыруда. Амалсыз қымбатқа шықса да бірқатар жүктерді алыстан автокөліктерімен тасымалдауға тура келуде. 35 га аймақты қамтитын бұл жаңа мөлтек ауданда болашақта басқа да көп қабатты тұрғын үйлер  мен  мектеп,  емхана,  бөбекжай, денешынықтыру сауықтыру кешенінін салу жоспарланған.
-Ауылдардағы құрылысы басталған спорт кешендерінің жұмысы қаншалықты талапқа сай жүруде?
- «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жарсуат пен Көктоғай ауылдарында  спорт кешені және Индербордағы Нұрманов көшесінің бойынан бұрынғы спорт алаңының құрылысы жүруде. Жарсуаттағы спорт кешенін биылғы қыркүйек айында пайдалануға тапсырылуы жоспарлануда. Құрылысын «Ақ ордасы» корпорациясы атқаруда. Оны техникалық қадағалаушы өкілдермен бірге нысанның жобаға сәйкестігін тексердік. Негізінен құрылыс жұмыстарының дені аяқталып тұр. Енді тоқ желісіндегі  трансформатор істен шығып, басқасын ауыстырмақ. Ал жобасында спорт кешені алдында көлік қоятын орын қаралмағандықтан мердігер мекеме қиыршық тас пен асфальтін төсеуге жұмыстануда.  
Көктоғай ауылындағы  спорт кешенінің іргетасын салып, металл конструкциясының қадаларын құйып қойған екен. Құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне биылғы сәуір айының аяғында тағайындалған сәтімнен бастап аталған нысанды қадағалап, кемшіліктерін байқадым. Жобаны дайындаған және қадағалаушы мекеменің өкілдерімен бірге тексеріп келгенімізде атқарылған іс жобадағымен сәйкес келмей шықты. Металл бағаналарының қалыңдығы жобадағы нұсқасына еш сәйкеспейді. Әрі  іргетасын да қысты күні құйғандықтан үгітіліп бастауда. Қазір осы істі бастаған мердігер мекеме  металл бағаналарын жинап алды. Сапасыз салынған іргетасы да бұзды. Енді қайтадан жобаға сәйкес келетін етіп, қайта бастамақ. Егер де аталған жұмысқа біздер көз жұма қарайтын болсақ, сапасыз материалдан салынғандықтан спорт кешені көп ұзамай сыр беріп, адам өміріне қауіп туғызуы әбден  мүмкін. Сондықтан да жобаға сай сапалы атқарылуын басты назарда ұстап отырмыз. Кенттің Нұрқасынов көшесіндегі спорт алаңының құрылысы шілде айында басталды. Ол жерде бұрын АТП мекемесінің апатты жағдайдағы ескі кеңсесі құлатылып, орнына салынуда. Құрылысын  «ЖайықСити» ЖШС жүргізуде. Олар бұған дейін кенттегі Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин  атындағы орта мектептерінің аймағынан  спорт алаңдарын жақсы салған болатын. Жаңа нысанның құрылысы да  қарқынды жүруде. Бұйырса «Көктем» мөлтек ауданы мен подстанса балаларына жақсы ойын алаңы болмақ.
-Ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан басқа да нысандарға тоқталып өтсеңіз?
-Индербордың жаңа қалыптасып жатқан «Болашақ» мөлтек ауданындағы 300 орындық  мектеп-гимназиясы мен 200 орындық интернаттың құрылысы бастау алғаны белгілі. Құрылысқа тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Қазір  мердігер мекеме «Нұркапстрой» ЖШС құрылыс салынатын орынды тегістеп, іргетасын қондыруға жерін қазып бастауда. Айналасын да қоршап қойды. Көп кешікпей «Болашақ» мөлтек ауданы тұрғындарының балалары алысқа сабылмай жақын жердегі білім ордасына  баратын болады. Бүгінде ауылдық округтерде де үй салуға жер телімін сұраған тұрғындардың қатары көбейді. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Көктоғай, Жарсуат, Бөдене ауылдарында жаңадан тұрғын үйлерге белгіленген жерлерге электр желілерін тарту жұмыстары жүрмек. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер мекеме анықталды. Құрылыс жұмыстарына рұқсат беру талоны алынған.
Индербордың бас жоспары бойынша Аққала ауылы бағытындағы 903 жеке тұрғын үйді қамтитын  202 га жер теліміне егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасалған болатын. Осы жобаға сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту бастау алды. Қазір жаңа мөлтек ауданның  әрбір көшесі мен үй салынатын жердің нүктесіне  ауыз су желілерінің бәрі тартылып қойылды. Енді құдықтарының жанын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жүргізіп жатқан «Байсын» ЖШС алдағы қыркүйек айында толықтай аяқтауды жоспарлауда. Ал алдағы уақытта тоқ, газ сынды басқа да инженерлік коммуналдық желілерін жүргізу жоспарлануда.
Сөзімнің соңында барша құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Баршаңызға белгілі Индербордың құбыла бетінен жаңа мөлтек аудан пайда болды. Бұл әрине даланы қалаға айналдырған құрыш білекті құрылысшылардың ғана еңбегі.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген

w


Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521