"Әр қазақ Отан үшін аянбауы керек"

Тәуелсіздікпен бірге есейіп, қарулы күштер қатарында еңбек етіп жүрген айбынды азаматтардың бірі – Махмет Әли Нағиымұлы.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жолдамасы мен Талдықорған қаласындағы «Құрлық әскерлері» Сарыөзек гарнизонының әскери бөліміне келісімшарт негізінде жұмыс жасауға аттанады.

– Университет бітіргеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызмет ету міндеті қойылды. Бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсу перспективасын беретін, әскери қызметшінің өзінің, оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс деп білемін. Жалпы келісімшарт арқылы әскери қызметте болу арқылы тұрақты жұмыс, ай сайынғы жалақы, сыйақы, пәтер жалдау, зейнеткерлікке шыққанда пәтер алу мүмкіндігі секілді жақсы тұстары көп. Бұдан бөлек, келісімшарт бойынша қызметтегілерге еліміздегі әскери жоғары оқу орындарының оқу ақысы 50 пайызға дейін жеңілдетілген. Әскери қызметтен босаған күнде де жұмыссыз қалмаймыз. Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Қаншама ата-бабамыз осы соғыста елін, жерін қорғау үшін жастайынан қолына қару алып, майданға аттанды. Солардың арқасында біз – тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Көгімізде көк туымыз желбіреп, ана тіліміз, әдет-ғұрпымыз айқындалып, әнұранымыз шырқалып тұр. Сондықтан жастарымыз әскерден қашпай, ел мен жер үшін аянбай еңбек етуі қажет, - дейді ол.

Бүгінде Сарыөзек гарнизонының әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген миноатқыштар батереясының взвод командирі Әли Нағиымұлы әр қазақ Отан үшін аянбауы керек деп санайды. Ол ауданнан көктемгі, күзгі шақырылымдарда әскерге аттанған сарбаздарға қарайласып, ағалық қамқорлығын танытып жүр.

Жадыра НАРИМАНОВА, 

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT