Пошташылар: "Жағдай жоқ, жалақы төмен, айқай көп"

Халыққа газет таратып, хат, хабар-ошарларын жеткізетін пошташылар өздерінің жанайқайларын айтып редакцияға келді.  Жалпы 15 мыңнан астам тұрғыны бар кент бойынша 5 қызметкер газет тасумен айналысады екен. Оның әрқайсысына учаскелер бөліп берілген. Бірінде 8 болса, бірінде 30-35 көшеге дейін бар. Бір көшеде шамамен 80-90 үй газетпен қамтылады. Аяқтан тозып, күннің ыстық-суығына қарамастан кенттің ана-шетімен, мына шетіне таңғы 5-6-дан бастап, кеш түскенше жаяу аралап, демалыс көрмейтін олардың жұмысына жақсы сөз де көп айтыла бермейді.

Жұмыс жасап жатқанына жеті жылдың жүзі болған Тілекші Даукенбаеваның айтуынша, қазір оларға мекемеден жары-тымды көмек те көрсетілмейтін көрінеді. Жылдың кейбір мезгілінде жаңбырлы күндері "Шығыстың" шалшығы мен "Бар-лаушы" мөлтек аудандарының балшығын, тіпті, шетінде оналасқан 5 шақырым жердегі Индер желілік-өндірістік басқармасына дейінгі далалық жолды жаяу жүретін оларға жолақы төлеу жағы да шешілмеген. Жалақылары да мардымсыз.

- Поштада бізге арнайы көлік қарастырылмаған. Бір-екі жыл турасында үш аяқты велосипед берді. Бірақ зіл батпан газетке ол да шыдамай, сынып құриды екен. Әйтеуір жүргенінен бұзылғаны көп. Оны да өз қалтамыздан қаражат шығарып жөндетуге тура келеді. Біздің аз ғана жалақымыз қайсыбіріне жетеді,- деген ол көп жүрістен аяқ киімнің де тез тозатындығын жасырмады.

Бұрындары жылына екі мезгіл аяқ киім алу үшін 10 мың теңгеден ақша бөлінетін болса, қазір ондай көмек те тоқтатылып қалған. Жыл басында біз қайнаған қызу еңбек ететін газет тасушылардың еңбегі еленіп, табыстары өсетіндігі жөнінде елден сүйінші сұраған едік, алайда ол қуаныш көпке созылмаған секілді.

-Бұрындары әр газет басына 22 теңгеден алатын болсақ, қазір наурыздан бастап 12 теңгеден алып отырмыз. Бізде тұрақты жалақы жоқ, 12 теңгеден айына шамамен 1746 газет тасысақ, 20952 теңге болады. Оған 5 теңге мен 250 теңге арасындағы хаттарды тасығандағы тиынымыз қосылады. Қымбатқа шығатын хаттар көп келе бермейді,- деген пошташылар әрі кетсе 49000 теңге жалақы есептелсе, оның 20%-ын зейнетақы, салық, медициналық қорға ұстап қалып, 24 000 мен 38 000 аралығында қолға тиетіндігін айтты. Егер тұрғындардың кейбір хаттары, газеттері уақытында жетпей шағым айтса, оған ұсталатыны және бар.

-Барлық деңгейдегі басылымдардың оқырман қолына мерзімінде тиюі – бізге қойылатын негізгі талап. Сондықтан біз уақытпен санаспаймыз, таңнан бастап жұмысқа кірісеміз, демалыс та көрмей газет пен хат-хабар тасумен жүреміз. Шама кел-генше тұрғындар үйде болғанда жеткізіп бергіміз келеді. Себебі кейбірінде арнайы пошта жәшігі жоқ, апарып тастаған газет-журналдар қолды болып, үстімізден шағым түссе, жаңағы айтқан азғантай жалақымыздан айыппұлын төлейміз. Яғни 5 теңгенің хаты үшін 500 теңге айыппұл төлейміз»- дейді по-шташылар.

Сондай-ақ оларда не арнайы еңбек демалысы немесе ауырып қалғандағы жарамсыздығы үшін де ештеңе төленбейтін көрінеді. Ал газет тасушыладың ішіндегі үлкені Гүлзада Нұршарипова осы қызметті он жылдан бері атқарып келе жатқандығын, сол жылдардың ішінде 7 рет ит қапса да ол үшін мекеме де, ит иелері де өтемақы төлемегенін айтады. -Бас амандығына қуанып жүре беріппіз. Бірақ соның зардабы енді білініп жатыр. Қазір аяғым көп ауырады,- дей келе тұрақты жалақының болмағанына да ренжиді. Зейнет жасына жақындап қалғандықтан зейнеткерлікке жақсы еңбекақымен шыққысы келеді. Әріптестерінің арасында ең көп газет осы Гүлзада апайдың мойнында екен. Бұрындары 90-120 мың теңге алып отырған ол кісінің қолға алары қазіргі ең төменгі жалақы - 42500 теңгеге де жетпейді.

Дегенмен бұл туралы «Қазпошта» АҚ Индер аудандық пошта торабының басшысы Айдар Жобаловтың да өз айтары бар.

- Олар келісім шартпен жұмыс жасап жүрген жалдамалы қызметкерлер. Еңбекақылары жасаған жұмыс көлеміне қарай төленеді. Газетті көп жазса соған сай ақы төленеді. Ал велосипедті алып бердік. Өздері күтіп ұстауға тиіс. Кейбірі бала-ларын тасиды. Қысы, жазы арнайы аяқ киіммен қамту бұрын штатта болғанда болды. Қазір атқарған жұмыстарынан бөлек күніне 1000 теңге төлеп отыр-мыз. Уақытында газетті, хатты, яғни қызмет толық көрсетпесе, шағым түссе арнайы айыппұл салуға құқығым бар,-дейді.

Иә, «Газет уақытында жетпейді» деген сын-пікірді тұрғындар та-рапынан жиі естиміз. Ал оны тасушы бауырларымыздың жанайқайы адам аяғандай. Олардың мұң-мұқтажын ескеріп, ең болмаса хатын алған иесі алғысын айтса оған да шүкір. Иті қарсы алатындарға не айтуға болады.

Қайткенде де газет иесіне жедел жету керек. Ол үшін газет таратушылардың жағдайын көтеру кезек күттірмес мәселе.

Ақмарал ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521