«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шалғай ауылдарды сапалы интернет желісімен қамту бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде аймақтағы 153 елді мекеннің 146-сы интернет желісіне қосылған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
14 ауылдық елді мекенге интернет желісін қосу жұмыстары «Jusan Mobile» АҚ-мен бірлесіп, «OneWeb» спутниктік технологиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Ғаламторға қол жеткізген ауылдар қатарында Исатай ауданының Амангелді, Ауқайран, Мыңтөбе, Айбас және Жасқайрат; Құрманғазы ауданындағы Шайхы, Махамбет ауданының Бала Ораз, Кең өріс, Есмахан елді мекендері, сондай-ақ Индер ауданының Қызылжар, Ақтан, Кетебай, Қызылқоға ауданының Бұқар және Жылыой ауданының Қараша ауылдары бар.
⁃ Байланыс сапасын арттыру мақсатында биыл 7100 абонентті оптикалық желіге ауыстыру, 31 шақырым талшықты-оптикалық кабель тарту, 156 базалық станцияны жаңғырту және 133 базалық станцияны 5G технологиясымен іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының 2025-2027 жылдарға арналған жоспарына сәйкес облыстың тағы 43 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін жеткізу көзделген,- деді облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов.
Республикалық маңызы бар автожолдарды байланыспен қамту үшін Атырау облысында 5 антенна-діңгек құрылысын (АДҚ) салу жоспарланған. Бұл бағыттағы жобалық-сметалық құжаттамалар Жылыой, Махамбет және Қызылқоға аудандары бойынша әзірленіп, сараптамадан өтті.

