"Онда ренжімеңіз, сенен ақша ала алмаймын"

"...Ақша алмаймын, брат!"

Әскери немесе төтенше оқу-жаттығудан соң ұйымдастырушылар орын алған кем-кетіктер мен осал тұстарын жіпке тізгендей етіп анықтап, олқылықтарды жоюға дереу шаралар қабылдайды. Сол секілді қазіргі елімізде орын алып жатқан ахуал да қарусыз майданмен бірдей. Өйткені өлім саны жиі тіркелуде. Көп кәсіпкерлер қолдағы барымен бөлісіп, көмектесуде. Оларға Алла разы болсын.

Менің айтқым кеп тұрғаны ол емес. Қынжылтатыны, біреудің үйі өртеніп жатса, оның шоғына көршісі кеп, темірге түйрелген кәуабын пісіріп алғысы келген әрекетінің тура қоғамымызда да қайталанып жатқаны. Яғни, жағдайды өз қара басына пайдалануы. Әсілінде, адам баласы дәрі немесе емдік шөптердің тұнбасын дәру боларына сеніп, ішері даусыз. Тұмауратқан сәтте сарымсақ, лимон, имбирдің де пайдасы зор.

Алайда кейбір жеке кәсіп иелері қоғамның қиын жағдайын елемей, қу құлқынға жем болғаны соншалық, оларды ондаған есе бағаға сатқанның куәсі болдық. Дәріханадағы кейбір дәрілер құны 40.000-ға дейін аспандағаны елдің көз алдында. Экономикалық тергеу қызметі де індетті ауыздықтауға бөлінген қаржылардың аса ірі көлемде жымқырылуына байланысты тергеу жұмыстарын бастағанын хабарлады. Бүгін бір жағымсыз мәліметті оқып қалғаным бар. Сөйтсе еліміз бойынша 138 медицина қызметкері нағыз дефицит боп жатқан дәрілерді сатқаны үшін тұтқындалыпты (ұсталмай кеткендерін есептемегенде). 138 емес 1-еуі сатса да ол ақ халаттылардың атына үлкен сын. Қиын қыстау уақытта дәрігерлердің дәрі сатуы соғыс кезінде окопта жатып оқ сатқанмен бірдей екенін ұғынатын кез әлдеқашан жетті. Бір құмалақтың бір қарын қоғамымызды осылайша шірітіп жатқанына тістенесің де қоясың.

Бірақ, бір көңіл қуантарлығы "Біз біргеміз" деген ұранмен ұлт болып ұйысып, халық болып қамқор көңілмен қол ұштарын созып жатқан жандардың ішінде такси жүргізушілердің көптігі. Провизорлық орталыққа көбіне таксидың қызметін пайдалануыма тура келеді. Әңгіме үстінде: " Жақын туысыңыз ауырып қалып па еді?" деген сұрағына ерікті екенімізді, науқасқа жәрдем көрсету үшін жұмыстан шығып, біраз уақытымызды сол жақта өткізетінімізді естіген бойда: "Аа, брат онда ренжіме, сенен ақша ала алмаймын" деп, бірден ақысын алудан бас тартып жатқан кездер көп болды.

Қанша өтінсең де алмай қояды. Сол сәт осыдан 2-3 жыл бұрын өзімді мешітке жеткізіп тастаған такси қызметкерінің: "Алланың жердегі үйіне кеп тұрған адамнан ақша алуға арым бармас" деп ағынан жарылғаны есіме түсіп кетті. 2-3 күннің өзінде еріктілер такси қызметіне 5000 теңгеден астам қаржы жұмсауына тура келеді. Сондықтан, қайырымды аға-бауырлардың жоғарыда айтылған әрекеті еріктілерге ерекше дем беріп, демеу болатынын баса айтқым келеді.

Қайырымды болайықшы...

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521