НАҚЫШЫ БӨЛЕК НАУҚАН

  Елімізде алғаш рет қолға алынып отырған аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау – демократиялық дамуымыздың бір көрінісі. Өз әкімдерін өздері алғаш рет сайлап алғалы отырған аудан халқының нақышы бөлек бұл науқандағы белсенділігі қалай болады, оларға сайлау учаскелерінде толық жағдай жасалған ба? Сайлауға санаулы күндер қалған сәттегі осы және басқа да сауалдарымызды Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Рамазанұлы Ғұбашевқа жолдаған едік.

 

-Қалай дегенде де бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек. Өйткені өз мәселелерін шешетін, жағдайларын ойлайтын аудан басшысын алғаш рет халықтың өзі сайлап алады ғой. Сіздің өз пікіріңіз қандай?

-Президентіміз соңғы қыркүйек айындағы өз Жолдауында қала және аудан әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру жөнінде айтқан болатын. Сондықтан аудан әкімдерін жергілікті халық арқылы тікелей сайлау – уақыт талабы, демократиялық дамуымыздың көрінісі деп түсінуге болады.

Аудан әкіміне өзін-өзі ұсыну тәртібімен – бір үміткер, «Қазақстан Халық париясынан» – бір үміткер, «AMANAT» париясы» Исатай аудандық филиалынан – бір үміткер, барлығы үш үміткер ұсынылып, кандидат ретінде тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл жолы халыққа жақын, ауданымызды жан-жақты білетін, халықтың сенімінен шығатын аудан әкімін таңдауда сайлаушылар қателеспейді деп сенемін.

-Сайлаушылардың белсенділігі қандай болады деп ойлайсыз? Жалпы сайлау учаскелері күні бүгін толықтай дайын тұр деп айта аласыз ба?

-Бұл жерде сайлау науқанына түсіп жатқан кандидаттардың, саяси партиялардың танымалдылығы мен белсенділігі, сайлау бағдарламаларының тартымдылығы маңызды. Ал сайлау учаскелеріне келетін болсақ, ауданымызда барлығы 15883 сайлаушы, оның ішінде ерекше жағдайды талап ететін мүгедектігі бар 114 сайлаушы бар, аталған категориядағы адамдар үшін учаскелерде бұрыштар жасақталып, дауыс беруге барлық жағдай жасалған. Аудан бойынша 1 аумақтық, 15 учаскелік сайлау комиссиясы, оларда 102 комиссия мүшесі жұмыс жасайды. Барлық сайлау учаскелері 5 қараша күні таңғы  сағат 07:00-де сайлаушыларды қабылдауды бастап, дауыс беру уақыты кешкі сағат 20:00-де аяқталады.

Учаскелерде сайлаушылар үшін ақпараттық хабарламалар ілініп, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін де барлық жағдайлар жасалған. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін «Аудан әкімінің пилоттық сайлауын дайындау және өткізу», аудан әкімі сайлауының жаңашылдығы тақырыбында бірнеше рет оқыту семинарлары өткізіліп, Қазақстан Республикасы «Сайлау туралы» Конституциялық Заңындағы өзгерістерге байланысты барлық деңгейдегі комиссия мүшелері тестілеуден өтті. Сонымен қатар сайлау науқанының ашық әрі әділ өтуі бағытында құқық қорғау органдары, прокуратура өкілдерінің қатысумен пікірсайыс өткізіліп, комиссия құрамының сайлауға дайындығы пысықталды. Күні бүгін ауданымыздағы сайлау учаскелері сайлауға толықтай дайын.  

-Аудан әкіміне үш үміткерге теңдей жағдайлар жасалғаны анық. Олардың үгіт-насихат жұмыстары қалай жүруде, сайлаушылар қалай қабылдап жатыр?

-Үгіт-насихат жұмыстары Қазақстан Республикасы «Сайлау туралы» Конституциялық Заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес, 2023 жылғы 10 қазанда жергілікті уақыт бойынша 18:00 де басталып, 4 қараша күні жергілікті уақыт бойынша 00:00 сағатта аяқталады. Аудан әкіміне үміткерлерге аудан бойынша үгіт баспа материалдарын орналастыруға - 7, сайлаушылармен кездесуге 11 орын бөлініп, жергілікті баспасөз беттеріне, сайлау комиссиясының atyrau.gov.kz интернет ресурсында орналастырылып, жарияланды.

Үміткерлер алдын ала жасақталған сайлаушылармен кездесу кестелеріне сәйкес кездесулер, есіктен-есікке акцияларын ұйымдастырып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар ретінде сайлаушылардың талап-тілектеріне де баса көңіл бөлуде. Сайлаудан бір күн бұрын және сайлау күні ешқандай үгіт-насихат жүргізілмейді.

-Сайлау өтетін сәт таяды, таңдауын танытушыларға не айтар едіңіз?

-Құрметті ауылдастар, жерлестер. Бұл сайлау Қазақстан тарихында алғаш рет өткізіліп отыр, сондықтан аудан тұрғындары өздерінің азаматтық белсенділіктерін арттырып, сайлау учаскелеріне көбірек келеді деп ойлаймын. Үміткерлерге - сәттілік, ал сайлаушылар аудан тізгінін түзу ұстап, ауданымыздың экономикалық, әлеуметтік жағдайын жетік білетін үміткерді таңдайды деп сенемін. Сондықтан ауданымыздың болашағы үшін бұл науқаннан қалыс қалмай, алдағы 5 қараша күні өткелі отырған Исатай ауданының әкімін таңдау үшін дауыс беруге шақырамын. Әр азаматтың (азаматша) дауысы маңызды...

-Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521