Музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше. Қазіргі кезде музейлер алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және тарихи мәнді құндылықтарды замандастарға көрсету, насихаттау мәселелері тұр.
Қырық жылдан астам тарихы бар Индер аудандық мұражайы Жайық өзенінің қос қапталын ала орналасқан – табиғаты көркем, қойнауы кенге бай, алма-ғайып заманалар мен дүрбелең оқиғаларды бастан кешкен Индер ауданының арғы-бергі тарихын, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолын, табиғаты мен қазба байлықтарын, ерліктері ел жадында сақталған, еңбегі жұртына еленген, өнері көпке танылған айтулы тұлғаларын насихаттау бағытында жұмыс жасап келеді.
2017 жылы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне қарасты Индер аудандық музейіне музеефикация жұмыстары жүргізілуіне байланысты, аудан әкімдігі жергілікті еңбек ардагерлерінің өкілдерін арнайы шақырып, өз пікірлерімен бөлісу үшін жиын өткізді. Экспозиция Индер ауданының өткен кезеңдері мен бүгінгі болмысын бейнелейді. Бұрын музейде-көрме залы болса, музеефикациядан кейін экспозициялық зал жасақталды. Қазірде «Аудан тарихы», «Тарихи тұлғалар», «Аудан ардақтылары» залы, «Этнография» залы және «Өлке табиғаты» залының жәдігерлері хронология бойынша витрина, планшет, подиумдарға орналастырылған.
Аудандық музейде түрлі шаралар: ашық есік күндері, тақырыптық экскурсиялар, тарихи квестер, викториналар, байқаулар, шығармашылық кездесулер, танымдық сабақтары және т.б. мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп тұрады. Жыл басы- Наурыз мерекесі аясында ұлттық салт-дәстүрмен таныстыратын мерекелік шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр.
Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы, ел-жұрттың, яғни бәріміздің тағдырымыз. Аудандық музей ұжымы, қойылып отырған заманауи биік талаптарға сай, өз жұмысының түрлері мен мазмұнын жетілдіре беруге күш салады.
Майгүл Жалғасбаева,
аудандық музей меңгерушісі.