АЛДЫМДА АМАН ЖҮРСІН АҒАЛАРЫМ!

Он жасымда енсе де түсіме өлең,

От-дауыл боп, мінсе де күшіне өлең.

Алпыс асу алса да қыр астында,

Әлі күнге кішімін, кішірейем!

 

Кінәм көп пе, білмеймін, қатем көп пе,

Бола алмаймын, тепсініп, қатаң текке.

Намыс өртеп кеудесін, қан қызса да,

 Исатайдан аспаған Махамбет те!

 

 Көріп жүрміз, не асыл, жақсыларды,

 Жақсыларын ел дәйім, бас қылар-ды.

Ата жолын олар да бұза алмайды,

Алла бойға берген соң жақсы қанды!

 

Мансап дендеп бізде ешкім шалқаймайды,

Менмендікті тәрбие талқандайды.

Аға сыйлау – даланың көне заңы,

Тентектігін тұсаулап, арқандайды.

 

Биіктікке алдырмас бұлт емген ұл,

Сыйлығына жаным мәз бір теңгенің.

Ұстанымын ұлтымның аттамаймын,

 Сыйлап өтем тірімде үлкендерді.

 

Сүріндірер, білмеймін, қай қадамым,

Сыйлай алсам үлкенді – жайланамын.

Тәкаппарлық тынысын тұншықтырып,

Үлкен сыйлау – ол да ерлік, айналайын!

 

Ораламын қайталап данаға мың,

 Сәлем беріп, сөз тыңдап, араладым.

Үлкен болу түбінде келмей қоймас,

Алдымда аман жүрсін ағаларым!

 

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, ақын

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT