ЗАҢМЕНТӘРТІП
Балалардың жол қозғалысы ережелерін ерте жастан меңгеруі – олардың қауіпсіз өмір сүруінің маңызды кепілі.
Атырау облысы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері №43 орта мектебінде оқушылар арасында «Балалар – болашақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер» тақырыбында интеллектуалды ойын ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың жол қозғалысы ережелері туралы білімін кеңейту, жолда өзін қауіпсіз ұстау дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ назар аудару, жылдам ойлау және дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін дамыту.
Интеллектуалды сайысқа 20-дан астам оқушы қатысып, бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылған тапсырмалар арқылы өз білімдері мен белсенділіктерін көрсетті. Әр кезең жол қауіпсіздігі ережелерін бекітуге және балалардың қызығушылығын арттыруға бағытталды. Іс-шара қорытындысы бойынша ерекше белсенділік танытып, жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар «Қауіпсіздік көшбасшылары», «Жол ережесінің жас қорғаушылары», «Жол қауіпсіздігін насихаттаушылар» номинациялары бойынша грамоталармен марапатталды.
Тәртіп сақшылары бастауыш сынып оқушыларына жол қозғалысы ережелерін сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін түсіндіріп, күнделікті өмірде қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстану қажеттігін айтты. Осындай бағыттағы түсіндіру және танымдық іс-шаралар алдағы уақытта да білім беру ұйымдарында жалғасады.


