АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда кәсіпкерлікке берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтып, жаңа жеңілдетілген несие жүйесін енгізуді ұсынды.
Кеше Н. Сабильянов, О. Сәбденов, Ж. Құлекеев, Қ. Арыстанбеков, А. Күрішбаев сынды қоғам қайраткерлері Құрылтайдың 21 мүшесі экономикалық даму секциясын өткізген. Секцияда экономикаға қатысты аймақтардың дамуы бойынша бірқатар бастама көтерілді.
— Бүгінгі жиын арқылы ел ішіндегі бірқатар түйткілді мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикада өсімді қалыптастыру. Қазір банктер кәсіпкерлікке несие беру кезінде 25 пайыздық мөлшерлеме қолданады. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайсыз және бизнесті дамыту мүмкіндігін шектейді. Сол себепті кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие жүйесін енгізу керек деп есептеймін, — деді Н. Сабильянов Президент қатысуымен өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда.
Депутаттың айтуынша, мұны даму институттары мен банктердің қаражатын үйлестіру арқылы жүзеге асыруға болады.
— Сондай-ақ мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бөлінетін қаражатқа, берілетін жеңілдіктерге цифрлық платформа арқылы жыл сайын оның тиімділігіне, экономикаға әсеріне талдау мен бақылау жүргізу қажет. Өйткені жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту сияқты бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек, — деді Н. Сабильянов.
Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды. Құрылтайдағы талқылауға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері келді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ұлттық құрылтай жаңадан құрылған облыстардың дамуына айрықша серпін бергенін, ел тарихында алғаш рет шекаралық аумақтарды дамытуға арналған заң әзірленгенін айтқан еді.


