« Аймақты әнмен тербетіп...» атты XXVI республикалық өнер фестивалінде индерлік Мұратбек Жұмашев эстрада жанры бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Байқау Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып, эстрада және дәстүрлі ән жанры бойынша өтті. Өнер фестиваліне Астана, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 25 өнерпаз келіп, бақ сынасты. Байқауда Атырау облысының намысын қорғаған «Индер Мәдениет» МКҚ кәсіпорын әншісі Мұратбек Жұмашев Мәди Сыздықовтың «Атамекен» әні мен Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің «Өкінбе, сен» әнін орындап, көптің қошеметіне бөленді.
– Байқау жоғары деңгейде өтті. Республиканың түкпір- түкпірінен өнерлі жастар бас қосып, үздіктері жеңімпаз атанды. Жалпы Ырғыз ауданы Ақтөбе қаласынан 450 шақырым жерде орналасқан ең шалғайдағы аудан екен. Қонақжайлығы ерекше. Ауылда сексенге жуық көл бар, халқы мал шаруашылығымен айналысады екен,- дейді ол.
Аталған байқау 1997 жылы Ырғыз жерінде алғаш рет шымылдығын түрген. Бүгінде дәстүрлі түрде өтетін байқау ән мен күйдің, терме мен төкпе жырдың бәйгесі ғана емес, жас өнерпаздардың бойындағы талантын ұштап, рухани жолын айқындайтын шығармашылық алаңға айналған. Жерлесімізді өнер бәйгесіндегі кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
Ж.НАРИМАНОВА