Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жұмыс сапарымен Индер ауданында болды. Мәжіліс депутаты алдымен Индербор кентінің барлаушылар бөлігінде орналасқан апатты жағдайдағы қос қатарлы тұрғын үйдің жағдайымен танысып, тұрғындармен пікірлесті.
Олардың мәселесін бір күнде шешу оңай емес екені белгілі болып отыр. Жалпы ауданда апатты жағдай да 233 пәтерді құрайтын 25 көпқатарлы тұрғын үй бар.
Аталған үйлердің тұрғындары мен жекелеген азаматтар «Nur Otan» партиясы Индер аудандық филалында мәжіліс депутатының қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауға да келіп өз өтініштерін жеткізді.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолымен жүретін автокөліктердің тиісті талаптарды сақтамай кенттің орталық көшесімен жүру мәселесі де әлі күнге дейін тыйылмай отыр.
Индербор кентінің тұрғыны Бақберген САХИПОВ:
-Мәжіліс депутаты Тұрғанов Дүйсенбай Нұрбайұлының қабылдауында болып шықтым. Көтерген мәселем қалашықтағы Бауыржан Момышұлы көшесімен жүріп өтетін ауыр жүк көліктерін тоқтату. Балаларға ойнауға өте қиын. Әкімшілікпен, жоғары жақпен келісіп машиналарды тоқтатуға уәде берді,- дейді.
Мәжілісімен тұрғындар тарапынан айтылған талап-тілектер мен өтініштер заң шеңберінде шешіліп, құзырлы орындарға депутаттық сауал жолдап, нақты жауабы берілетінін атады.
Жергілікті мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелерімен және бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен кездесіп Парламент қабырғасында атқарылып жатырған жұмыстарды хабардар етті. Жергілікті депутаттар да өздерін толғандырған сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді.
-Өзекті мәселелердің біреуі Индер көлінде бір жоба бар екен. Соны талқыладық. Күрделі жобаны жүзеге асыруға байланысты экология министрлігіне сауал жолдайтын болдық. Шешіп берсе Үкімет жүзеге асырылады. Бұдан басқа да көтеріліп жатырған өзекті мәселелер көп екен. Жергілікті әкімшілікпен ақылдасып шешу жолдарын қарастырдық. Ең басты бұл жердегі үлкен бір мәселе - апатты үйде тұрып жатқан тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, - мәжіліс депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ.
Мәжіліс депутаты Индербор кенті тұрғыны, І топтағы мүгедек Қабес Қапаровтың өтініші бойынша үйіне барды. Азамат өзімен бірге тұратын бала жасынан І топтағы мүгедек ағасы Қабыл Қапаровты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Тұрғын осы кезге дейін көтерілген мәселеге жергілікті биліктің берген жауабына қанағаттанбайтынын жеткізді. Мәселеге жан-жақты назар аударған депутат азаматтың мәселесін жедел шешуге назар аударуды сұрады. Әрі бұл мәселе өз бақылауында болатынын атады.
Сондай-ақ жиында жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген кейбір сұрақтарға аудан әкімі Салауат Өтеғұлов жауап берді.
Сұңқар КӨШЕКОВ,
Индер ауданынан