Ұлыс тойы көрісуден басталған

КӨРІСУ КҮНІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ӘЗ-НАУРЫЗДЫҢ БАСТАУЫ БОЛЫП САНАЛАДЫ. ОСЫНАУ КӨНЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ТАҒЫЛЫМДЫ КҮН АУДАНДА ДА КЕҢІНЕН ӨТКІЗІЛДІ. АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ АУЫЛ ҮЛКЕНДЕРІ МЕН ЖАСТАР ТАҢНЫҢ ШАПАҒЫМЕН БІРГЕ ЖИНАЛЫП, БІР-БІРІМЕН ТӨС ҚАҒЫСТЫРЫП, ҚАЛ-ЖАҒДАЙЛАРЫН СҰРАСЫП, МӘЗ-МЕЙРАМ БОП ЖАТТЫ. ТӨРГЕ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРЫМЫЗ ТОЛТЫРЫЛҒАН КЕҢ ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ.

Жиналған жұртшылыққа алдымен аудан әкімі Дарын Шамұратов ізгі тілегін жеткізді.

– Көрісу күні – халық қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуақты күні бір-бірімен қуана қауышқан, ізгі ниет-тілегін жаудырған қазақтың ежелгі мейрамы. Бүгінгі шараның басты мақсаты – қазіргі өскелең ұрпаққа салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, балаларға мирас етіп қалдыру. Бүгін ақжаулықты аналарымыз бен ардақты аталарымыздың шақыруды қабыл алып, төрден табылғанына қуаныштымыз. Халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан игі дәстүрін жалғап, ақ баталарыңызды алып жатқанымызға қуаныштымыз.

Жыл аясында абыройымызды арттырар игі шаралар көп болсын, ақ мол болып, аман болыңыздар! – деді аудан әкімі.

Одан соң «Ақжайық» халық театрының әртістері мен мәдениет үйінің қызметкерлері «Босаға майлау» дәстүрін сахналап, бір-біріне ақ тілектерін айтып, жастарға батасын берді. Сонымен қатар, Еркін Әубәкіров, Серік Нысанов және мереке қонақтары «Атамұра» ағалар ансамблі, «Ару ана» халықтық әжелер ансамблі әсем әннен шашу шашты.

Көрісу күніне келген әр саланың ардагерлері мен ауыл үлкендері ақ тілектерін айтып, жиналған көпшілікке батасын берді.

Мерекелік шарада Нағим Сатимов «Елге сәлем», Мұратбек Жұмашев «Үш меркі», Олжас Аққалиев «Жол» әнін орындады.

Осылайша мереке көңілді нотада мәресіне жетті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521