Ұлы Абайдың асыл мұрасы - ұрпаққа үлгі

Елбасының «Абай аманаты» мақаласын ерекше құлшыныспен оқып шықтым. Бұл мақала Елбасымыздың алға қойған елді рухани жаңғыртудың жалғасы болып табылады.

Біз ақынның рухани дүниесі арқылы ХХІ ғасырда мәңгілік елге айналдық. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ХХІ ғасырға қарышты қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі саяси, экономикалық және мәдени жетістіктері аясында атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың заңды жалғасы, Абай мұрасын заман сұраныстарына сай қайта зерделеудің маңыздылығын білдіреді.

Иә, Абай қай заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті.

Осы ретте мақалада да Елбасы: «Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген болатын.

Рухани жаңғыру аясында ұлы тұлғамыздың асыл мұрасынан үлгі алуымыздың өзі саналылық деп білемін. Бұтақтары биікте, тамырлары тереңде жатқан халқымыздың, мемлекетіміздің, ел басқарып отырған басшылардың Ұлы Абайды темірқазық жұлдыз етіп алуы – оның қаншалықты маңызды тұлға екенінен хабар береді. Осылайша Елбасының «Абай аманаты» туралы жазған мақаласы әрбір қазақтың жүрегіне жылы тиеді деп ойлаймын.

Қымбат КӘРІМ

ардагер-ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521