Құлмәлінің ұрпағы

Индербордан тура шығысқа қарай 15-20 км №102 карьерден шыққан үйінділер етегінде "Тілес мола" деп аталатын ені 1 метр, ұзындығы 7-8 метрге жуық саман тастан қаланған мазар бар. Бүгінде құлап, алғы қабырғасы ғана тұр. Бұрындары жер астынан борат іздеп, жарылғышпен жарғанда қатты дыбыс салдарынан құлаған болуы мүмкін. Сонымен қатар осы жерде Тілес үңгірі болғанмен өкінішке орай үйіндінің астында қалыпты. Жақында руханият жанашыры Ғарифолла деген азаматпен арнайы барып, құлпытасын суретке түсіріп алғанбыз. Бір қызығы біз қозғала бергенде, сол маңдағы қожалық иесі Рахымжанның ұлы қарсы соқты. Оның айтуынша, құлпытастың сынған жоғарғы бөлігі сол жердегі құдықтың түбінен шығыпты. Осы зираттікі болар деп орнына қойған екен. Төменгі бөлігімен салыстырғанда дұрыс болып шықты. Кезінде дінсіздер құлпы тастарды іргетас ретінде қораға, құдыққа пайдалана берген.
Енді осыны оралдық өлкетанушы-журналист досымыз Қазыбек Құттымұратқа жолдағанбыз. Анықтауы бойынша: Құлмәлі немересі Шыбынтай ұлы Тілес 72 жасында опат болған. Белгіні қойған баласы Есжан. Ал құлпытастың бір жағына түгелімен құран аяттары жазылыпты.
Жалпы, Шыбынтай Құлмәліұлы - Махамбеттің әкесі Өтемістің туған інісі. Асқан бай болған адам. Сонысынан болса керек, Исатай-Махамбет көтерілісіне қатыспағанға ұқсайды. Ел ішінде Шыбынтайдың асы туралы аңыз әңгімелер бар. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Жан Аман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521