ҚЫРДАҒЫ ЖҰРТТЫҢ ДА ӨЗ УАЙЫМЫ БАР

«Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, бүгінде қыр төсінде төрт түлікпен күнелтіп отырған малшылар қысқа дайындықты бастап та кетті. Қыстағы боран, жардай атанды құлататын жазғытұрымғы жел аула-қораны да аздырып болады. Сондықтан жаз жайлауға шыққан соң қора-қопсыны жөндеп, қи ойып, қысқа отын дайындайды. 

Ал тамыз айынан әрі шалғыны сайлап, пішен дайындауға кіріседі. Сонымен аудан басшысы бастаған, құрамында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Құсайынов, Елтай ауылдық округінің әкімі Д.Сариев бар сапаршылар Үштөбедегі Жетіс Мыңбаевтың, Қобданқызылдағы Берік Сидеғалиевтің, Теректегі Сатыбалды Амантурлиннің, Қостандағы Ақылбек Оразмұқанбетовтың, Қарсақбайдағы Айтқали Жәлиевтің қыстақтарына аялдап, атакәсіп иелерімен әңгімелескен. Соңғы кездері қойдың бейнеті көп болған соң сиыр, жылқы бағуды көбі қолайлы санайды.

Бұл баяғы «Степан Разин» мен «Социализм» колхозы бірігіп, кейін Амангелді атындағы қой совхозы болған өңір. Бұл сайын далада еңбегі дастанға айналған ауыл шаруашылығының саңлақтары туралы таңды таңға ұластыра айтуға әбден болады. Солардың ішінде төрт Социалистік Еңбек Ері – Дәулет Базарбаев, Ғалым Есмұратов, Тілеген Жылысов және әйгілі «Маржан қыз» әнінің кейіпкері Маржан Енбаева есімдері ел жадында қалды. Сонымен қатар Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лау- реаты Жолдыбай Қарабалин, Қазақ КСР- інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкерлері Сағынтай Құсанов, Мүсілима Қайрошева, «Ленин» орденді Қабдол Жұмалиев, Сәлімгерей Саптаяқов, Серік Досмағанбетов, Қарабала Жақсылықов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Айғали Мусин, Нағиым Мыңбаев, Рысмұқанбет Еділбаев, Кенжәлин Бақыт, Кенжәлин Бақыш, «Құрмет белгісі» орденді Қарағойшы Жәлиев, Мақсот Рамазанов, Қалыбай Жұмақұлов, Зәкім Махметов, Орынбай Рахимов, Ризуан Рысмұқанбетов, Сатан Сағынғалиев, Арон Темірболатов, Нұржан Шәңкиевтердің ізі қалған.

Әрине өзге де орден, медальға ілікпесе де өнікті еңбектің үлгісін көрсеткен жандар қаншама? Осылардың ішінде атакәсіптен қол үзбеген «Еңбек Қызыл Ту» орденді шопан Нағиым Мыңбаевтың ұлы Жетіс Мыңбаев «Нағиым» шаруа қожалығын құрып, сол әкесінен қалған қыстаудың абыройын арттырып келеді.

– Жер құнарсыз, қуаңшылық басым. Пішен – басты проблема. Мысалы, бізге 300 рулондай керек. Әрқайсысын 8000-8500 теңгеден сатып аламыз. Жылдан жылға жағдай ауырлап бара жатыр, – дейді ол.

Ал «Құрмет белгісі» орденді Қарағойшы Жәлиевтің ұрпақтары да қырдан ірге ажыратқан жоқ. Солардың бірі істің мәнісін білетін Айтқали Жәлиев негізгі шаруашылығы Қарсақбайда болса да, Атырау-Орал тас жолы бойынан арнайы жер алып, биебауға бие байлап, аудан тұрғындарын саумалмен қамтамасыз етіп отыр. Соның арқасында шаруасы шалқып, жылқысы төскейді алып жатыр.

Сапар барысында аудан әкімі малшылардың қандай ұсыныс-пікірлері барын тыңдап, аудан көлемінде атқарылып жатқан істермен де таныстырып өтті. Сондай-ақ Бағырлай учаскелерінде де болып, жер жағдайын, егін алқаптарының жай-күйін, жалпы шаруа тірлігінің барысын көзбен көріп, жағдайларымен танысты. Бүгінде егіншілер сепкен тұқымынан шелектеп өнім жинап, мәре-сәре болып жатыр. Ауыл шаруашылығының басшысы М.Құсайынов:

– Сапар барысында егін шаруашылығына қатысты мәселелер, соның ішінде қазіргі жиын-терін науқанының барысы сөз болды. Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға арзандатылған мал азығын ұйымдастыру бағытында ұсыныстар тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді, – дейді.

Әйтеуір, дала жұрты да қатардан қалмастың қамын жасап, еңбекқорлықтың арқасында шіліңгір шілденің аптап ыстығы мен қаңтардың қақаған аязына төтеп беріп келе жатыр. Олар үшін бұл қалыпты жағдай, әрине. Дегенмен, жерасты суының тартылуы, ауыз су тапшылығы, қарақұрттың зардабы, т.с.с. қырдағы ағайынның да өз уайымы бар.

Иә, әйгілі Нарын құмының күнгей бетіндегі тіршілік осындай.

Жанай Амантурлин

Елтай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT