Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде қазақ халқының отбасы құндылықтарын, ене мен келін арасындағы сыйластықты дәріптеуді көздеген «Көреген ене мен ибалы келін» атты аудандық байқау өтті.
Шараның мақсаты - шаңырақтың шайқалмауын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету.
Ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты ене мен келін отбасының ұйтқысы екендігін ұғындырған шараға Индербор кенті мен Жарсуат, Бөдене, Елтай, Көктоғай ауылдарынан 5 жұп қатысып, төрт кезең бойынша бақтарын сынады.
«Сәлем – сөздің анасы» деп аталатын бірінші кезеңде ене мен келін өздерін, отбасыларын ерекше бейнефильммен таныстырып өтті. Соның ішінде жарсуаттық келін өзінің алғаш босаға аттағандағы өзге ортаға сіңісіп кетудің қиындығы мен қызық-шыжығын шынайы суреттей отырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Екінші турда «Қолөнер – халық қазынасы» бағамы бойынша ұршық иіру, жүн түту, сабау, кесте тігу тағы басқа өнерлерін паш етті. Әр саланың маманы бола тұра қолы алтын енелерінің жолын жалғаған келіндер кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеп, көпшіліктің көзайымына айналды.
Ал байқаудың үшінші «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атта кезеңде қатысушылар ледэкраннан бағаналарды таңдау арқылы қазақтың ұмытылып бара жатқан сөздерінің мағынасын табу бойынша сұрақтарға жауап берді.
Соңғы "Өнермен өрге жүземіз» бағамы бойынша қатысушылар жұптасып ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды.
Шара соныңда сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева қазіргі қоғамда ажырасу фактісінің көбейіп кеткендігін, өкінішке орай соның кейбірі ене мен келіннің тіл табыса алмауынан да болып жатқандығын тілге тиек етіп, шараны үлгілі отбасылардан өнеге алсын деген мақсатта ұйымдастырып отырғандарын жеткізіп, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Ал қазылар алқасы атыннан сөйлеген зейнеткер-ұстаз Нүргүл Каримова байқаудың жоғары деңгейде өткендігін айтып, қатысушылардың үлкен дайындықпен келгендерін байқағанын атап өтті.
Сонымен, байқау нәтижесінде жарсуаттық Айман Өтегенова мен келіні Бағдагүл Нұфтоллаева «Зияткер отбасы», көктоғайлық Қарлығаш Мырзекеева мен келіні Қансұлу Жарасова «Өнерлі отбасы», елтайлық Тойындық Құсанова мен келіні Рита Жанесеева «Үлгілі отбасы», индерлік Сандуғаш Құспанова мен келіні Құндыз Уахит «Шебер отбасы», бөденелік Нақыш Құрмашева мен келіні Айнұр Маликенова «Ұлағатты отбасы» номинациясымен марапатталып, гүл шоқтары мен қаржылай сый-сияпатқа ие болды.
Ақмарал БОКИРОВА