Еліміз 1 қыркүйек Білім күнін атап өтіп, мектептерде алғашқы қоңырау соғылып жатқанда Жарсуат ауылдық округіне қарасты Ақтан ауылының тоғай бетіндегі Құмжыра деген жерде жас өмір ерте солыпты.
Округ әкімінің мәліметі бойынша ата-ананың үміт еткен көзінің нұры Жарсуат ауылының тұрғыны, кәмелет жасқа толмаған 2010 жылғы Ж.К.Т. сол күні алғашқы қоңырауға қатысып, мемлекеттік Туды көтеріп шығыпты. Содан соң түс мезгілі шамасында достарымен өзенге балық аулауға барып, өзен жағалаған олар Құмжыраға дейін жетеді. Өкінішке қарай өзен асты батпақты болса керек, қанша бұлқынса да терең батыра беріпті.
Хабар дереу ауылға жетіп, аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлім дабыл қағып, Атыраудан арнайы судан құтқару жасағы келіп, марқұмның денесін Жайық өзенінен алып шығады.
Осылайша Ту көтерген тағы бір отаншыл қайсар азаматтың ғұмыры Құмжырада қиылып, өзекті өртеп кетті. Алла тағала ата-анасына, бауырларына сабыр берсін.
Жан АМАН
Индер ауданы