Кітапхана оқырман мәдениетін қалыптастырады

Әлем елдері адамзат дамуындағы кітаптың мән-маңызын әлдеқашан мойындаған. Қазіргі озық технологиялар дәуірінде кітап оқу мәдениеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс барған сайын өсіп барады. Бұл ретте қазіргі оқырмандар, әсіресе жастар қандай кітап оқып жүр, жалпы кітап оқу мәдениетінің бағыты қалай?
Бүгінгі жастар кітап оқымайды деген кереғар пікірге, кітапханалардың оқу залдарында  кітапқа үңілген, әр түрлі бағытта кітаптар іздеген жастар дәлел.

Жастар кітап оқиды, оқы­ғанда да таңдап, талғап оқиды.  Бірі Стивен Р.Ковидың «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабын оқыса, бірі Ювал Ноаһ Хараридің Sapiens, яғни «Адамзаттың қысқаша тарихы», енді бірі  Ернар Абзалұлының «Қазақ даласындағы ислам тарихын» сұрайды. Бұл бүкіл жастарға тән үрдіс болмаса да, басым көпшілігінің көзқарасы, пайым-түсінігі бір арнаға тоғысатынын аңғару қиын емес. Көз майын тауысып, өз бетімен көркем шығарма оқитындар да жеткілікті. 
Оқырман залындағы сұ­ранысқа қарағанда, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза-әлі, Мұхтар Шаханов – қазіргі оқырмандардың  ең көп оқитын ақыны.  Ғабит Мүсі­репов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Зейнеп Ахметова, Баққожа Мұқай т.б. жазу­шылардың да өз оқырманы бар.
 Сала­лық әдебиетке келсек, І.Кеңес­баевтың «Фразеологиялық сөздігі», З.Қабдоловтың «Сөз өнері»,  Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп тұқианнан өзіме шейін» кітаптары қолдан-қолға тимейді. Сондай-ақ қазіргі заманға сай кәсіпкерлік, бизнес ­туралы,  таным­дық, психологиялық әдебиет­терге де сұраныс жоғары. 
Ең ­бастысы, балабақша, мектептен ­бастап зейнеткерлерге дейінгі оқырман аудиториямыз бар, соларға кітапты қолжетімді ету, кітап оқу мәдениетін насихаттаудың заманауи тетіктерін пайдалану – біздің міндетіміз. Бұл орайда «Бір ел – бір кітап», «Туған жер», «Бір өлке-бір жазушы» және т.б. акциялар мен жобаларды жүйелі түрде ұйымдастыру да кітап оқуды жолға қоюға септігін тигізетіні сөзсіз. 
Сондай-ақ кітапхана­ла­рымыздағы  ұсыныс пен сұраныстар кітап оқу мәдениетінің  алға қарай дамып келе жатқандығын  айқын аңғартады.
 Қазақ про­засының көшбасшысы Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Есенберлин, одан берідегі Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Марат Қабан­баев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбеков сынды жазу­шыларымыздың кітаптарын сүйіп оқитын оқырмандарымыз да әр ауылда көптеп кездеседі. Мысалы, есболдық зейнеткерлер Изғалиева Тәбия, Қүлғалиева  Жәнибаш, Елтайлық Тоқтарбай Серікқалиев, Нұрлыбай Далабаев, Нағима Уәлиева, Алтынай Гарифуллина, Динара Шайдуллина, жарсуаттық Құспанова Гүлжан, Ержанова Шаһизада, индерлік Габдуллина Ляйлягул, Шаханова Қалиша, Беймағамбетов Бейбіт сынды оқырмандарымыз үнемі кітапханамен тығыз байланыста болса,  Ален Айшабибі, Рашев Ибрахим, Қазымбек Нұрайым, Мусабекова Баянжан, Нәсіпқали Азиза, Қален Нұртілек, Жұмажан Айзель сынды жас оқырмандарымыз да кітап оқумен қатар түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатынасады. 
Атап айтар болсақ, жуырда аудандық кітапханада «Алаш» қозғалысының қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті. Оқырмандардың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру және патриоттық сезімдерін қалыптастыруды негізгі мақсат еткен кешке поэзия сүйер оқырмандар, жастар, жасыл ел сарбаздары сонымен қатар ақын, журналист Асан-Темір Қаршығаұлы қатынасты. Шара барысында Иса Нұрасыл, Асылай Зекенова, Айбат Сансызбай, Гүлназ Сайын, Әсем Төлебаева, Нұрхат Исламғали қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың поэзияларын оқып, кеш қонақтарын тәнті етті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы және Жазушылар Одағының мүшесі, Индер ауданының Құрметті азаматы, бард-ақын Досымов Табылды Аяшұлының туған күніне орай орталық саябақта ұйымдастырылған  «Биіктік» атты шараға аудан тұрғындары мен аудан қонақтары, жанұясы, ағайын-туыс, бауырлары және   белгілі зерттеуші, эссеист, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат және  Батыс Қазақстан облысының ақыны, Ардагер ұстаз, жұбантанушы  Үзілдік Елеубайқызы қатынасты. Шарада аудан өнерпаздары Рафаэль Бужекенов, Айдар Досымов, Ұлықбек Оңдасынов, Әлішер Сүйеуов әндерін орындаса, Табылды өлеңдерін сүйіп оқитын жастар Бимұхан Альфия, Иса Нұрасыл, Асылай Зекеновалар өлең-жырдан шашу шашты.
Сондай-ақ Балалар кітапханасы Ұлы күйші композитор, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай, күйшінің  рухты шығармаларымен таныстыру , ұлтымыздың асыл мұраларын жас ұрпақтың санасына сіңіру, дәстүрлі күй өнерін дәріптеу мақсатында "Жас өркен" жазғы демалыс лагерінде болып, "Алып тұлға, ұлы сазгер" атты портреттік кеш ұйымдастырып қайтты.           
Жарсуат кітапханасында ақын, ойшыл, философ, аудармашы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" атты портреттік кеш кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатысуымен өткізілсе, Есбол кітапханасында Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра-дастан» атты домбыра-Party  Саз мектебінің оқушылары арасында ұйымдастырылды. Сонымен қатар Көктоғай кітапханасында қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Шырағың сөнбесін»  кітабынан, Арыс кітапханасында “Бір ел – бір кітап” акциясы аясында белгілі драматург, жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттау мақсатында “Оң қол” хикаясынан оқырмандар конференциясы өткізілді. 
Осындай  кітап оқу мәде­ние­тін ­насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса кітапханашылар, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін де қаперге ұстап келеді.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,-деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтыны шындық.

Гүлзина Азанова,
кітапханашы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521