Қарапайым мамандық - биік өмір жолы

Ауылда өскен әр жас жақсы біледі: таңның атысы мен кештің батысына дейін тоқтамайтын тіршіліктің негізінде жұмысшы адам тұрады. Жаз шықса – егінші мен механизатор жермен алысады. Қыста – жылу жүйесі бұзылмасын деп сантехник пен электрик тыным таппайды. Үй салынса – құрылысшы, жол жөнделсе – техника иесі іске кіріседі. Өз ауылымызда еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларды күнде көріп жүрмін. Олар – атақсыз, даңқсыз жүрген нағыз батырлар. Бетіне май тиген дәнекерлеуші, тырнағы қара қожалақ ағаш шебері, трактордан түспейтін механизатор – міне, нағыз еңбек майталмандары! Қазір бәрімізге таныс бір жағдай бар: жастардың көбі жоғары білімге ұмтылады, бірақ кейін мамандығына сай жұмыс таба алмай дал болады. Ал сол кезде кәсіби-техникалық білім алған жас дәнекерлеуші немесе электрик шетелге кетпей-ақ, осында жұмыс істеп, жақсы табыс табуда. Жұмысшы мамандығы – бұл екінші сорт емес. Бұл – нақты нәтиже беретін, қоғамға нақты пайда әкелетін кәсіп. Жалақысы жақсы, сұранысы жоғары, болашағы берік. Бүгінде өз ісінің шебері – ең сыйлы адам. Жол салып, үй тұрғызып, техника жүргізіп, жарық беріп отырғандар – біздің өміріміздің тірегі. Оларсыз ауыл тұрмақ, қала да алға баспайды. Елдің нағыз байлығы – қара алтын да емес, көк қағаз да емес. Ол – қарапайым еңбек адамының тәжірибесі мен тері. Жұмысшы мамандығын таңдау – бұл өзіңе, еліңе сенімді тірек бола білу деген сөз. Гүлдана СӘДУАҚАСОВА, Белсенді жас Махамбет ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT