Каналдар қалыпқа келтіріле ме?

ДАЛАЛЫҚ АЛҚАПТАРҒА СУ ЖЕТКІЗІП ОТЫРҒАН АУДАНДА ҰЗЫНДЫҒЫ 301,959 ШАҚЫРЫМДЫ ҚҰРАЙТЫН 4 КАНАЛ ЖҮЙЕСІ БАР. АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРІП ОТЫРҒАН ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАР ОСЫ СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНЕ ТӘУЕЛДІ. СОНЫҢ ІШІНДЕ КӨКТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ «АҚСАЙ» КАНАЛЫНА БЫЛТЫР КҮЗДЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАСТАЛҒАНЫН КЕЗІНДЕ ЖАЗДЫҚ. ҚЫТЫМЫР ҚЫСҚА ҚАРАМАСТАН БҰЛ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА. ОҒАН БІЗ ӨТКЕН АПТАДА АУДАН ӘКІМІ ДАРЫН ШАМҰРАТОВ БАСТАҒАН САЛА МАМАНДАРЫМЕН БІРГЕ БАРҒАНЫМЫЗДА КУӘ БОЛДЫҚ.

 

Шөлейтті өңірімізде судың тапшылығы уақыт өткен сайын білінуде. Аудан көлемінде талайдан бері күрделі жөндеу көрмеген каналдардың да су өткізгіштік қабілеті нашарлап барады. Әсіресе, оның зардабынан қырық күн шілденің шыжыған ыстығында каналдарға су жіберу оңайға соқпай, тұрғындар реніштерін білдіретіндері де кездеседі. Жайықтан бастау алып, қырға қарай сай-саланы қуып ағып жатқан «Ақсай» каналында да осындай қиындықтар орын алып жүр. Көктем айларында су каналдың шетіндегі Қияқбай суатына дейін барғанымен, жаз ортасында су каналдың 65 шақырымындағы Бөлекбай суатынан аса алмай, үзіліп қалғанына да куәміз. Су тапшы болғандықтан, кейбір шаруа қожалықтары тарапынан суды өзгеге жібермей бітейді деген күдік те орын алып, кезінде сала басшыларымен бірге канал бойын қадағалап та шыққанбыз.

Ал қысты күндері тайызданып бара жатқан каналдың арнасымен қатар суаттары да қатып қалатындықтан, малға су ішуге мүмкіндік болмай, шаруа қожалықтарына қиыншылық туғызуда.

 

Енді, міне, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға тиісті қаржысының алды бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып отыр. Атқарылған істің басын каналдың 25 шақырымындағы жаңадан қазылған Қарапан суатынан көрдік. Оның басына жергілікті бірқатар шаруа қожалық иелері жиналған екен. Олар суатты тікжар қылмай, мал су ішуге ыңғайлы, яғни түйетайлы етіп жасауды, малдың қауіпсіздігіне орай айналасын жинақтауды сұрайды. Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Құсайынов жүргізіліп жатқан жұмысты қадағалап отырғанын айтып, мердігерлерге канал суының жайылып кетіп, су шығыны болатын жерлері ескертілгенін қаперге берді.

Сол арада аталған каналдың күрделі жөндеуін жүргізуші «Гидроқұрылыс» ЖШС учаске басшысы Досхан Уәлиханов бұл әлі бітпеген нысан екендігін, алдағы уақытта экскаваторлармен әлі де жан-жағы аршылып, малдың су ішуіне ылдыйын ыңғайландырып, жан-жағы арнайы техникамен тегістелетіндігін жеткізді.

Одан әрі каналдың 35 шақырымындағы Шархат, 43 шақырымындағы Мұқаш суаттары тереңдетіліп, қазылып үлгеріпті. Ал каналдың 65 шақырымдағы Бөлекбай суатында мердігер мекеменің 4 экскаваторы, 1 жүк тиегіші және басқа да бірқатар жүк көліктері жұмылдырылып, қызу жұмыс жүріп жатыр.

Жалпы жоба бойынша канал бойынан 8 суат қазу белгіленген. Соның ішінде бұған дейінгі бар Шархат, Мұқаш, Қуат, Бөлекбай тереңдету көзделсе, жаңадан 4 суат, 8 көпір, жаңа өткелдер салу, шлюздерін орнату сынды қыруар жұмыстар жоспарланған. Каналдың бас жағы тайыз болса, су жылжып баратын қыр жағы жер жағдайына қарай тереңдей береді.

– Бұған дейін канал бойының 10 шақырымдай жерін қазып қойсақ, қазір 4-ші суатты қазу үстіндеміз. Суаттар канал табанынан жобаға сай 2 метрге тереңдетіліп қазылуда. Әсіресе, су жайылып кететін тайыз жерлерді алдын ала қыс ішінде мұздың үстінен қазып жатырмыз. Алдағы уақытта қалған жаңа суаттарды, каналдың басқа арналарын да қазып шығатын боламыз. Күн жылына канал бастау алатын жердегі темір құбырларын ауыстырамыз, насосын, вагонын қондырамыз және оның айналасын көгалдандыру жұмысын жүргіземіз.

Жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстары 24 айға қаралған. Бірақ, біз жұмысты уақытынан бұрын биыл аяқтауды жоспар[1]лап отырмыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – дейді учаске басшысы Досхан Уәлиханов.

«Қазсушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосынов пен мекеменің жетекші гидротехнигі Аманғазы Қабдолов жұмысты жүргізіп отырған мердігер мекеменің канал бойындағы суаттарды жақсы қазып келе жатқанын, жалпы жұмыс жоба бойынша атқарылып келетінін атап өтті.

Аудан әкімі Дарын Шамұратов бұған дейін «Алғабас-Жорық» каналын қазудағы кездескен кемшіліктердің қайталанбауын, ауыл тұрғындары мен жергілікті мамандардың пікірі ескерілуін, ал бастысы кері жұмыс болмайтындай етіп мүмкіндігінше сапалы атқарылуына баса назар аударды.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абай Әбдировтің айтуынша, аталған канал бойында 15 шаруа қожалығы малмен, 17 шаруа қожалығы егінмен айналысады.

Айта кетейік, бұған дейін ауданда «Алғабас-Жорық» каналы күрделі жөндеуден өткен болатын. Қазір каналдан айдалған су шеткі нүктесі Жорыққа дейін кідіріссіз жеткізіліп, шаруа қожалықтары игілігін көруде.

Енді ұзындығы 105 шақырым «Бағырлай», 51.7 шақырым «Қурайлы сай» суару-суландыру жүйесіне жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілгенін салалық бөлімнен Абай Абдиров атап өтті.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521