Қалидолла Ізекеновтің Индерде шығармашылық кеші өтті

Композитор, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Қалидолла Ізекенов Индерге келіп, шығармашылық кешін өткізді. 
Кеш шымылдығы 1970 жылы Алматы қаласындағы ҚазМУ 1 курсында оқып жүргенде  шығарған әні, сөзін лирик ақын Нарша Қашағанов жазған «Алыста жүріп сағынған қандай?» әнімен түрілді. Оны танымал әнші Нұрболат Баяшев орындады. Бұдан соң «Мөлдірім» әнін автордың өзі тебірене шырқап, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.
Қалидолла Ізекеновтың сүйікті әндері «Әке тілегі», «Анашым», «Арман-ай»,  «Туған жер», «Мекенім – Миялы», «Курстас достарға», тағы басқа да бірнеше әндерін ізбасар іні-қарындастары орындап, көрермен көзайымына айналды.
Ақынның Индер ауданындағы шығармашылық кеші осыдан тура 22 жыл бұрын сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың ұйымдастыруымен өткізілген болатын. 
Ал бүгінгі кешке арнайы қатысқан облыс әкімнің орынбасары Дарын Шамұратов игі тілегін арнады.
Осындай тамаша кеш үшін елдің атынан осы кештің кейіпкері Қалидолла Ізекенов ағамызға ризашылығымызды білдіремін. Қызылқоға ауданына биыл 80 жыл толып отыр. Соған орай Қызылқоғаның өнері мен мәдениетінің  басында тұрған Қалидолла ағамыздың кешін өткіземіз деп шештік. Кеш құтты болсын, ағайын,-деді Дарын Дүйсенбайұлы.
Шығармашылық кеште Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Шалқарбьай Ізбасаров арнау айтса, «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Жайғали Өтеулиев жылы лебіздерін арнап, құрмет көрсетті.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT